Қоғам

Мектеп мәзіріне мән берілсе...

«Ауру – астан...», «Ас – адамның арқауы» деген халқымыз дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөлген. Расында, ағзаны зиянды заттармен улап, асқазанға ауырлық салатын астарды шамадан көп тұтынсаң зардабын тартарың анық. Сондықтан ағзасы жаңадан жетіліп келе жатқан жастардың қазірден дұрыс тамақтануы маңызды.

Бүгінде мемлекет тарапынан оқушылардың тиісті деңгейде тамақтануы үшін мектептерге лайықты қолдау көрсетіліп келеді. Алайда көптеген мектеп асханаларында ұн өнімдері, құрамында қанты басым сусындар мен ағзаға зиян өнімдердің көптеп сатылатыны жасырын емес. Сонымен қатар көп жағдайда жаңа піскен жемістер мен көкөністердің жеткіліксіз мөлшері және асхана мәзірінің нормалары айқындала бермейді.

Өткен жылы Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы орта мектептің 44 оқушысы мен 2 мұғалімінің тамақтан уланғаны есте. Балалардың денсаулығына қауіп төндірген мердігердің жұмысы тоқтатылып, прокуратура «Адамдардың жаппай ауруға шалдығуына немесе улануына әкеліп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзуға» қатысты қылмыстық іс қозғады. Даулы іске қатысты аймақ басшысының нұсқауы бойынша комиссия құрылып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі аудандық ауруханада болып, балалардың жағдайын білді.

Өткен оқу жылының соңында, анығын айтсақ, мамыр айында облыстық мәслихаттың депутаттары тағы бір былықтың бетін ашқан болатын. Тексеріс кезінде Тараз қаласындағы бірнеше мектеп оқушыларды сертификаты жоқ азық-түлікпен тамақтандырып келгені мәлім болды. Облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Бүркітбаева әріптестерімен қаладағы мектеп асханаларын аралап, жай-күйімен танысқан болатын.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, тексеріс барысында тоңазытқышы кір-қожалақ, ішіне картон қағаз төсеп қойған, балаларға беріп жүрген сары майы көгеріп кеткен мектеп асханалары да кездескен.

Шындығында, бүгінде мектеп асханаларына мән беру маңызды болып тұр. Әйтпесе балаға беріліп жатқан астың сапасы күмәнді. Ал келешек ұрпақтың денінің сау, өмір жасының ұзақ болуы алдымен дұрыс тамақтануға байланысты. Осы тұста биылғы оқу жылында ыстық тамақты ұйымдастыру мәселесі қалай шешілгенін сұрап, облыс әкімдігінің білім басқармасына хабарласқан едік. Басқарма басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, жаңа оқу жылында 115 мыңға жуық мектеп оқушысы ыстық тамақпен қамтылған.

Білім басқармасы «оқушылардың ас мәзіріне пайдалы тағамдарды енгізіп, ыстық тамақпен қамтуды тұрақты қадағалап отырмыз» дегенмен жақында тағы бір шикіліктің беті ашылды. Тарқатып айтсақ, облыстық қоғамдық кеңеске Константин Кутасов жетекшілік ететін «Жамбыл облыстық омарташылар ассоциациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орта мектептерде оқушыларға бал өнімдерін тамаққа қосу мәселесі бойынша мониторинг жүргізу үшін өтініш білдіреді. К.Кутусовтың айтуынша, 2017 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттары» бойынша мектепте тамақтанатын әрбір оқушыға аптасына 20 грамм бал берілуі керек. Алайда облыс әкімдігінің білім басқармасы бұл талаптарды орындамай отырған көрінеді.

Серіктестіктің ұсынысы қанағаттандырылып, қоғамдық кеңес мүшелері – Рахметілда Рахманбердиев, Сәуле Рысбаева, Сәлкен Жартыбаев, Жандар Тоқсаба, Әйгерім Дәулетбаева, Ринат Нұрақбаев мониторингтік тексеру жұмысын бастайды. Олар мониторинг барысында мемлекеттік сатып алу тәртібінің талаптары бұзылып жатқанын анықтайды.

Бұл жөнінде қоғамдық кеңес шайға қанша бал қосылып жатқанын анықтау мүмкін болмағандықтан мектептердегі ас мәзіріне бал қосылған шай емес, «шай+20 грамм бал» деп жазуды ұсынған.

Алғашында «Оқушыларға бал биркамен, яғни арнайы қаптамамен, уақытылы беріліп отыр» деген облыс әкімдігі білім басқармасының маманы Перизат Шәкір мониторинг қорытындысын көріп, заңнаманың бұзылып отырғанына көзі жеткеннен кейін «Бұл жерде басқарма емес, жеткізушілер кінәлі» деп ақталуға тырысты.

Ал облыстағы белсенді омарташылардың бірі Ахан Бекназаров облыс әкімдігінің білім басқармасы тиісті міндеттерді орындамай отырғанына қынжылатынын айтты.

Осылайша қос тарап жауапкершілікті бір біріне ысырып отыр.

Мектептерде ыстық тамақ ұйымдастыру мәселесі сөз болып жатқан соң аспаздардың ойын тыңдағанды жөн көрдік. Тараз қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №29 орта мектептің аспазы Лаура Аймаханова өзі жұмыс істейтін білім ошағында оқушылардың тамақты ұнатпай қалған кезі болмапты.

Қалай десек те мектептегі бала тағамы қуатты, нәрлі болуы қажет. Демек, мектеп асханасын бір жүйеге келтіріп, әр балаға тағамға бөлінген қаржыны өз мақсатында жұмсаған жөн. Өйткені ұрпақтың денсаулығы бәрінен қымбат әрі маңызды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ