Әлеуметтік қолдаудың тиімді тетігі
Әлеуметтік салада қол жеткізілетін жетістіктер қоғамның әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өмірін жақсарту үшін маңызды. Сол үшін де мемлекет бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтуды, тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемақы тағайындауды, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету арқылы олардың өмір сапасын жақсартуды көздейді.
Облыстың демографиялық ахуалына көз жүгіртсек, 2024 жылдың 1 қазанында халық саны 1 миллион 223 мың адамға жеткен. Оның 56,3 пайызы ауылдық жерде тұрып жатса, қалған бөлігі қалалық жерде өмір сүруде. Жылдың алғашқы тоғыз айында табиғи өсім 12 840 адамды құраған. Қыркүйек айында, өкінішке қарай, 5 552 адам өмірден озса, есесіне облыста 18 392 сәби дүниеге келіпті.
Жұмыс күші бойынша облыста 571,7 мың азамат еңбекке жарамды болса, олардың 544,5 мыңы жұмыс істеп, өз отбасылары мен қоғамға пайдасын тигізуде. Бірақ 27,2 мың адам әлі де екі қолға бір күрек таба алмай, өз мүмкіндігін күтіп жүрген көрінеді. Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Биыл аймақта жұмыспен қамту саласында ауқымды шаралар атқарылып, өңірлік картаның жоспары бойынша 67 404 жұмыс орнын ашу көзделген екен. Есепті кезеңде 59 776 жұмыс орны құрылып, жоспардың 88,7 пайызы жүзеге асқан. Ұлттық жобалар шеңберінде электронды еңбек биржасы арқылы еңбек нарығына енгізілуі тиіс 310 нысан қарастырылып, ол арқылы 3 209 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, өңірлік карта аясында жоспарланған жобалардың бүгінгі күнге 278-і, яғни 90 пайызы электрондық еңбек биржасына енгізіліпті. Осы жобалар шеңберінде электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының саны 2 619-ға жетіп, соның арқасында 2 488 азамат жұмысқа тұрған.
2024 жылы облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 008 адамға 1488,6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланыпты. Есепті кезеңде 1 008 адамға грант беру туралы комиссияның оң шешімі қабылданып, қаражаттары толығымен игерілген екен.
Облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында бекітілген индикаторлардың орындалуын аталған басқарма тұрақты бақылауда ұстап отыр. Барлық индикаторларды орындау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2024 жылдың 1 қарашасына дейін Әулиеата өңірінен жұмыс күші тапшы өңірлерге 133 отбасы, яғни 401 адам қоныс аударыпты. Оның ішінде Павлодар облысына 56 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына – 45 отбасы, Шығыс Қазақстанға – 12 отбасы, Абай облысына – 5 отбасы, Қостанайға – 12 отбасы, Ұлытау облысына 3 отбасы көшіп барған. Осылайша осы көш арқылы жұмыс күші қажет аймақтардың барлығы қамтылған. Қоныс аударушы барлық отбасылар қабылдаушы өңірлердің квотасына толық енгізіліп, олардың әрбір мүшесіне тиісті субсидиялар төленген, сондай-ақ жалдамалы тұрғын үйлермен қамтамасыз етіліпті.
2024 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 55 423 адамды қамту көзделіп, бұл мақсатқа 4 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған еді. Жыл басынан бері 1 қарашаға дейін атаулы әлеуметтік көмек 5 737 отбасындағы 30 698 адамға (2 миллиард 417 миллион 700 мың теңге) тағайындалыпты, Соның ішінде 5 545 отбасындағы 29 664 адамға 2 миллиард 214 миллион 500 мың теңгесі төленген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар 2 027 отбасына, яғни 26,1 пайызға және 10 511 адамға, яғни 25,5 пайызға азайып, төленетін қаражат көлемі 916 миллион 800 мың теңгеге, яғни 27,5 пайызға қысқарыпты.
Жылдың 10 айында Әлеуметтік қызметтер порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 93,9 пайызды құрапты. Бұл порталға тіркелген 25 808 өтініштің 24 209-ы қанағаттандырылғанын көрсетеді. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілген «Жол картасының» 84-тармағына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланып, осы жылдың 10 айында 188 нысанға 133 295,8 мың теңге қаржы бөлініпті. Нәтижесінде 189 нысанда бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталған.
Аталған басқармаға қарасты 20 медициналық әлеуметтік мекемеде былтыр 2 098 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген екен. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз деңгейінде жалғаспақ, қазіргі кезеңде барлығы 2 687 адам қызмет алған.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ