Руханият

Бейімделу кезеңінен ойдағыдай өтуде

Күзгі шақырылған жас сарбаздардың келуімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қатары толығуда. Жас жауынгерлерді бөліністеріне қарай әскери бөлім командирлерінің өзі арнайы қабылдап алды. Әскерге енді келген сарбаздарды ортаға бейімдеу үшін командир мен орынбасарлары жігіттермен жақынырақ танысып қана қоймай, толқыныстарын түсініп, жауынгерлерге алғашқы минуттардан-ақ қамқорлық танытуы қажет.

Ал сарбаздар әскери өмірге тез үйренісуі үшін дұрыс байланыс орната білудің маңызы зор. Бұл ретте борышын өтеуге келген жігіттерге жаңа ортаға бейімделуге келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, офицер-командирлер мен аға жолдастар көмектеседі. Жас жауынгерлердің оқу-жаттығу жиындарын бақылап отыру үшін ең білікті және тәжірибелі әскери қызметкерлер таңдалады. Олардың басты міндеттерінің бірі – жас сарбаздарды зерттеу. Осы мақсатта офицерлер сарбаздардың өмірбаяндық деректерін, психотерапевт мамандары берген нәтижелерді және денсаулық карталарын мұқият зерделейді.

Қазіргі уақытта қолбасшылыққа қарайтын әскери бөлімдерде жаңа сарбаздармен тереңірек танысу жұмыстары жалғасуда. Айта кетерлігі, бұл кезеңде тәрбиешілер мен әскери психологтардың кәсіби біліктіліктері көрінеді.

Айта кетейік, сауалнамалар әрқашан анонимді түрде өтеді. Яғни сарбаздар өздерінің аты-жөндерін көрсетпей-ақ, сауалнамаларда өз пікірлерін жаза алады. Сауалнаманың анонимділігі объективті және шынайы жауаптарға қол жеткізуге көмектеседі.

Ал жауаптарды зерделеу барысында қолбасшылық әскери құрамдағы атмосфераны және жас сарбаздардың көңіл күйін талдауға, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауынгерлік дайындық процесіне түзетулер енгізуге мүмкіндік алады.

Әскери ант қабылдауға дейін жас жауынгерлерге бір ай уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде сарбаздар әскери істің қыр-сырын меңгереді, қару-жарақпен жұмыс істеуді үйренеді, әскери жарғылармен танысады және өз міндеттерін дұрыс орындау, әскери тәртіпті сақтау секілді жауынгерлік қызметтің негізгі қағидаттарына қанығады.

Сабақтар үздік сержанттардың арасынан таңдалған тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен өткізіледі. Әскери мансабында қатардағы сарбаздан бастап, түрлі қызметте ысылған олар жауынгерлер тез меңгере алуы үшін дәрісті қалай сапалы жеткізу керектігін жақсы біледі.

Ұлдардың әскерге қалай бейімделгені туралы сарбаздардың ата-аналары ай соңында, ант қабылдауға келген кезде біле алады. Айта кетерлігі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында перзентінің әскери өміріне алаң болған ата-аналар үшін «Ашық есік» күнін өткізу жақсы үрдіске айналған.

Дина МУХАРИНОВА,

Тараз гарнизоны баспасөз

қызметінің жетекшісі