«Қарызсыз қоғам» – уайымсыз өмірге қадам
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, Үкіметке тиімділігі дәлелденген бастаманың ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Жалпы «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асуына банк секторының тұтынушылық несиемен тым әуестеніп кеткенінің салдары итермелеп отыр. Сарапшылардың пікірінше, несие – қаржы құралы. Ал оны тек қажетті жағдайда ғана пайдалану керек. Алайда кейбір азаматтар кірісі төмен болғандықтан қарыздарын өтеу үшін қосымша несие алуға мәжбүр. Бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – қаржылық сауаттылықты арттырып, жеке бюджетті тиімді басқаруды үйрену.
«Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы көптеген азаматқа қаржылық сауаттылықты арттыруға, қаржы басқаруға көмек көрсетіліп, олардың өміріне оң әсерін тигізуде. Жоба игілігін көрген азаматтардың бірі – 33 жастағы Кундызхон Искендерова. Көпбалалы ана Қордай ауданының Жамбыл ауылында тұрады. Жалпы қарызы 2 миллион теңге болса, ай сайынғы төлемі – 95 мың теңге. Бастапқыда қарызды отбасы жағдайына байланысты алып, жұмыстан бала күтімімен шыққаннан кейін төлеу қиындаған. Жолдасының айлығы – 85 мың теңге, 4 балаға жәрдемақы ретінде 78 мың теңге алады. Жалпы отбасының кірісі айына 163 мың теңгені құрайды. «Азиатский Кредитный Фонд» микрокредиттік ұйымына қарызы бар. Жоба барысында оған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аймақтық заңгер көмегімен ай сайынғы төлемі 50 мың теңгеге азайтылды.
39 жастағы Замира Абдуллаева да «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың бірі. Қордай ауданының Қақпатас ауылында тұратын көпбалалы ананың «Kaspi Bank» АҚ, «SOLVA» микроқаржылық ұйым және «Фридом Финанс» ұйымдарында 5,8 миллион теңге көлемінде қарызы бар.
Жоба аясында Замираға бизнес-жоспар құрып, қайтарымсыз грантқа қатысуға көмек көрсетілді. Бүгінде грант аясында 1 476 800 теңге алып, сүт өндірісімен айналысып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Тағы бір қатысушы – Шу ауданындағы Белбасар ауылының тұрғыны Баян Қалдарбекова. Ол 7 баланың анасы, қазіргі таңда сегізінші баласына аяғы ауыр. Кейіпкеріміз лаборант болып жұмыс істейді, айлығы – 130 мың теңге. Оның 5 несиесі бар. Қазіргі кезде жұбайы тұрақты табысын жоғалтқандықтан отбасылық жағдайы қиындаған.
Қарыздарын реттеу мақсатында «Деньги Маркет», «Робокеш», «HomeBank» және «Тенге» ұйымдарына қарызды қайта құрылымдау туралы өтініш хаттар жолданды. «HomeBank» қарызды қайта құрылымдауға келісімін берді. Қазір жаңа төлем кестесі бойынша клиенттің ай сайынғы төлемі 10 мың теңгеге дейін төмендетілді.
Айжан ӨЗБЕКОВА