МӘМС – тегін медициналық көмектің кепілі
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – халықтың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз етудің кепілі. Өйткені осы жүйе арқылы емдеу мекемелері тиісті жарнасы төленген азаматтарға тегін медициналық көмек көрсетуге міндеттелген.
Ал аталған сақтандыру қорына жарна төлемегендер медициналық қызметтерді тегін алу мүмкіндігінен айырылады. Сол үшін де халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыру ісі өте өзекті. Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы мәселе қаралды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, жарналар мен аударымдардың жалпы түсімі 2017 жылдан бастап осы жылдың қыркүйегіне дейін 100 миллиард 291 миллион теңгеден асқан. Оның ішінде биылғы 10 айдағы түсім 23 миллиард 496 миллион теңгені құраған. Осы жылы облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 131,1 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен 60 306 миллион теңге қарастырылған. МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін облыстың денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 52 387 миллион теңге болса, қазіргі уақытта 4 еседен аса өскен.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұсынған тізім бойынша, облыста жалпы 34 774 білім саласы қызметкерінде сақтандыру мәртебесі болмапты. Дегенмен өңірлік штаб жұмысының нәтижесінде сақтандырылмаған қызметкерлердің саны азайып, 31 274 қызметкердің сақтандыру мәртебесі қалпына келтірілген екен. Сондай ақ облыста орналасқан жоғары оқу орындарында қызмет атқаратын 947 адамның сақтандыру мәртебесі болмаған. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде сақтандыру мәртебесі қалпына келтірілгендер саны 856-ға жетіпті.
Бұдан кейін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыру бойынша құрылған жұмыс тобының атқарған ісі туралы баяндады.
Өз кезегінде облыс әкімі Ғайни Төленқызынан бекітілген халық тіркелімі тізімінде 49 808 адамның жоқ екенін айтып, яғни оларды емдеу мекемелеріне есепке алудың қандай жолы, шешімі бар екенін сұрады. Сонымен қатар облыстағы 216 мыңнан аса сақтандырылмаған азаматтың ішінде 7,4 мың адамға ғана түсіндіру жұмысын жүргізу көңіл көншітпейтінін, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет екенін еске салды.
Жиын барысында Ербол Шырақпайұлы Ерік Мұсабаевтан, облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жарас Сатбергеновтен, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жанат Жұмаділовадан және Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен тұрғындардың медициналық сақтандырумен қамтылуына қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрап, ұсыныстарын тыңдады. Осыған қатысты Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатса да нәтиже болмауы себептеріне тоқталды. Оның айтуынша, сақтандыру жарнасын төлемей жүрген кейбір азаматтар тек ауырған кезде ғана медициналық ұйымға барып, сақтандырудың бір жылдық жарнасын бірден төлеп, «мен сақтандыру төледім» деп емделіп алғаннан кейін қайтадан жарна төлемей жүре беретін көрінеді. Сондықтан ол тұрғындар сақтандыру жарнасын ай сайын тұрақты түрде төлеп тұруы керек немесе келесі жылға да бірден жарна құюы қажет деп есептейді. Сол секілді кәсіпкерлер жарна төлеуі үшін мемлекеттік кірістер департаментінің функцияларын кеңейту секілді бірқатар ұсынысын жеткізді.
Білім, құқық қорғау секілді кейбір сала қызметкерлерінің медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалуы жағдайлары бар. Баяндамада атап көрсетілгендей, 84 527 азамат жұмыс берушілердің тұрақсыз жарна аударуынан осындай жағдайда жүр. Осы ретте аталған сақтандыру қорының облыстық филиалы тиісті департамент және басқарма басшылары, қала және аудан әкімдерімен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Жергілікті әкімдіктер мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп жарна төлемеген жеке кәсіпкерлерді анықтап, тиісті шара қабылдауы қажет. Осында айтылған барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, нақты шаралар қабылдансын. Күн тәртібінде көтерілген мәселелер назарға алынсын, айтылған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілсін, – деген Ербол Шырақпайұлы өзінің орынбасары Серік Сәлемовке бірқатар тапсырма берді.
Сондай-ақ аймақ басшысы халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыру бойынша құрылған штаб пен аудан деңгейіндегі жұмысшы топтар өздеріне тиесілі жұмысты жандандыруы, бұл бағытағы жұмыс нақты нәтиже беруі, сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылдану қажеттігі жөнінде және басқа да мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ