Таразда жаңа 75 аялдама орнатылды
Тараз қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше екпін түсіріліп жатыр,деп хабарлайды arainfo.kz
Кез келген қаланың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің тиімді де іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жол-көлік инфрақұрылымы жоғары деңгейде болуы қажет. Сонда шаһардағы өмір сүру деңгейі де барынша сапалы әрі қолайлы болмақ.
Сондықтан бүгінде Тараз қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше екпін түсірілген.Әрине, бұл іс тек автобустарды жаңалаумен ғана шектелмесі анық. Қоғамдық көліктер көбейген сайын нақты орны белгіленген, ыңғайлы аялдамаларға деген қажеттілікті де арттыруда.Тараз қаласын дамытудың 3 жылдық жоспарында бұған да баса мән берілген.
Соған орай, былтыр шаһар аумағына 36 дана аялдама орнату үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «RusStroy» ЖШС-мен 21, «Строительная компания NSN» ЖШС-мен 15 аялдама орнату үшін келісімшарт жасалған еді. Сондай-ақ «Жасыл ел-Тараз» ЖШС тарапынан бұрын қолданыста болған 6 аялдама қайта қалпына келтірілді.
Биыл да жалғасын тапқан жүйелі жұмыстардың аясында «DarynKazStroyGroup» ЖШС-мен 75 аялдаманы орнату бойынша келісімшарт жасалды. Тұрғындардың сұранысы бойынша аялдамалар қаланың шет аумақтарына, әсіресе, жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандарға, тұрғын алқаптарға барынша басымдық берілді.