Ұйқының жұмбағы: ғылым мен сиқыр арасы
Ұйқы – тек демалыс қана емес, адам санасы мен тәнінің қалпына келуінің маңызды бір бөлігі.
Ғалымдар ұйқының физиологиялық әсерін зерттеп, денсаулық үшін қаншалықты маңызды екенін әлдеқашан анықтап қойған. Ұйқы адамға күш-қуат береді. Сондай-ақ адамның психикалық денсаулығын тұрақты ұстауға ықпал етеді.
Қазіргі ғылыми зерттеулер әр жас шамасына қарай қажетті ұйқы мөлшерін төмендегідей ұсынады: жаңа туған нәрестелер тәулігіне 21-22 сағат, алты айлық балалар – 14, бір жасар сәби – 13, төрт жасар балалар тәулігіне – 12, жеті жастағы балалар – 11, ал он жасар балалар 10 сағат ұйықтауы тиіс. 15 жасар жасөспірімдерге 9 сағат, ал 17 жастағыларға 7-8 сағат ұйқы жеткілікті деп есептеледі. Ғалымдардың пікірінше, ересек адамдардың денсаулығын сақтау үшін тәулігіне 7-9 сағат ұйықтауы қажет.
Исламда да ұйқының мәні зор. Дінде ұйқы тынығу үшін ғана емес, рухани әлеммен байланыс құралы болып есептеледі.
Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлының айтуынша, мұсылмандар ұйқыға ерекше дайындалып, дұға оқып, оң жаққа қарап жатып, рухани тазалыққа қол жеткізуге тырысады.
Ал психологтар ұйқыны психикалық саулық пен эмоционалды тұрақтылықтың маңызды факторы деп санайды. Түстерді талдау арқылы адам бейсанасында жатқан қорқыныштар мен ұмтылыстарды білуге болады. Түс көру психологиялық тұрғыдан стрестен босату және эмоциялық өңдеудің құралы ретінде қарастырылады.
Мысалы, Юнг теориясында түс көру – адамның бейсана әлеміндегі ойлар мен сезімдерді символдар арқылы көрсету тәсілі. Психологтар ұйқының жеткіліксіздігі адамның мазасын қашырып, күйзеліске әкелетінін айтады. Түс көру арқылы адам өзін-өзі тануға, ішкі мәселелерін өңдеуге, санасы мен бейсанасындағы тосқауылдарды анықтауға мүмкіндік алады. Сондықтан психологтар тұрақты, сапалы ұйқының адамға тек физикалық қана емес, психологиялық пайдасы да бар екенін баса айтады.
Медицинада ұйқының физиологиялық рөліне ерекше көңіл бөлінеді. Дәрігерлер ұйқының жетіспеушілігі адамның иммундық жүйесіне, жүрек-қантамыр жүйесіне және жалпы денсаулығына кері әсерін тигізетінін айтады. Ұйқысыздықпен ұзақ уақыт күресу мидың жұмысын нашарлатып, көңіл күйді түсіреді, есте сақтау қабілетін әлсіретеді, тіпті зат алмасуды бұзуы мүмкін.
Сондықтан дәрігерлер ұйқының 7-9 сағаттық қажеттілігі бар екенін айтып, күнделікті ұйқы кестесін сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Сонымен қатар мамандар ұйықтар алдында теледидар көріп, телефон шұқыламай, жағымды әдеттер қалыптастыруды ұсынады. Ұйқының сапасы мидың қалпына келуіне, жүйке жүйесінің тынығуына және жалпы дененің жаңаруына әсер етеді.
Хуа То – Хань әулетінің соңғы жылдарында өмір сүрген қытайлық дәрігер. Ол жансыздандыруды алғаш қолданған дәрігерлердің бірі саналады.
Хуа Тоның ұйқы туралы кеңестері адам денсаулығына оң ықпалын тигізетін қарапайым қағидаларға сүйенеді.
Ұйқыдан таңғы сағат 03:00-05:00 аралығында тұру ұсынылады. Себебі бұл уақыттағы сергектік бауыр мен өкпеге оң әсер етеді.
Сағат 11:00-13:00 аралығында 15 минут көзді жұмып демалу жүрекке қуат беріп, оны нығайтады. Түскі уақыттағы 3 минуттық ұйқы екі сағаттық ұйқыға тең.
Түнгі 23:00-ден кейін ұйқыға жату өт пен бауырға пайдалы, ал бұл мүшелердің дұрыс қызметі иммунитет пен зат алмасуға тікелей әсер етеді. 5 минуттық түнгі ұйқы 6 сағаттық демалыспен тең келеді.
Кешкі асты ішкен соң шалқалап жату мен төсекке сансыз оймен бару денсаулыққа зиян. Ойдан арылып, тыныштану ұйқының сапасын жақсартады.
Хуа Тоның осыдан 2 мың жыл бұрынғы кеңестері қазіргі медицинамен үндесіп, оның ұйқыға берген мәнінің ғылыми негізді екенін дәлелдейді.
Ұйқы – ғылым, сиқыр, дін және мамандық тәжірибесінің тоғысуындағы күрделі құбылыс. Ол адамның физикалық, психологиялық, рухани денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады. Психологтар оны эмоционалды өңдеу тәсілі ретінде қарастырса, дәрігерлер оның жалпы денсаулық үшін маңыздылығын атап өтеді. Исламда ұйқыға рухани байланыс пен тазалықтың кезеңі ретінде қарайды.
Айжан ӨЗБЕКОВА