Қалам мен қаруды қатар ұстаған
Бала күнімізде әскери журналист десе көз алдымызға майдан даласында жау оғынан бұқпантайлап жүріп, өмір мен өлімнің арасында халыққа қиян-кескі ұрыс барысынан ақпарат тарататын жауынгерлер елестейтін. Біз білетін екінші дүниежүзілік соғыс уақытында солай болғаны хақ. Десе де қазіргі күні шекарасы шегенделген, бейбіт, мамыражай күн кешкен, өз алдына тәуелсіз мемлекет Қазақстанда да, өзге мемлекеттерде де әскери журналистердің алатын орны ерекше. Бойында асқан батылдық пен тәуекел, ерік-жігері және жазушылық таланты бар адам ғана қару мен қаламды қатар ұстайды.
ҚР Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығы бойынша, 7 қараша Әскери журналистер күні болып бекітілген.
Бұл кәсіби мерекенің тарихы 1929 жылғы 7 қарашада «Қызыл әскер» республикалық әскери газетінің алғашқы нөмірінің жарыққа шығуымен тікелей байланысты.
Айтулы мереке қарсаңында газетіміздің тұрақты авторы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Дина Мухаринова жайында аз-кем сөз қозғаған жөн болар. Динаның ата-анасы Омбыдан Қазақстанға көшіп келген. Алдымен Алматыға, кейін Жамбылға, көп ұзамай Жаңатасқа қоныс аударған.
Кейіпкеріміз мектеп қабырғасында жүргенде, яғни жасөспірім кезінде жергілікті «Қаратау кеншісі – Горняк Каратау» газетіне мақалалар жариялап тұрған. Мақалаларында негізінен парашютпен секіруге деген құштарлығы, және ДОСААФ авиациялық-техникалық спорт клубында жаттығатыны жөнінде баяндайтын. Әскери өмірге бала кезінен қызығатын Дина осы күнге дейін шамамен 400 мәрте парашютпен секірген.
Динаның әскери қызметкер болу арманының астарында кеңес жауынгерлерінің ерліктеріне деген құрмет, солардай болсам деген мақсат жатыр еді. Ал анасы Светлана Борисқызы қызының журналистикаға барғанын қалайды. Осылайша кейіпкеріміз Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, үздік аяқтайды. Оқуын тәмамдап, жұмыс бойынша жолдама күтіп жүргенде ойламаған жерден облыстық радиодан ұсыныс түседі. Жамбыл облыстық радиосына журналист керек екенін білген Светлана Борисқызы қызының мақалалары жарық көрген газеттерді жинап, радионың бас редакторы Николай Крестовскийге барған екен. Сұхбат сәтті өтіп, көп ұзамай қызы жұмысқа қабылданады. Кейін облыстық телеарнаға жаңалықтар тілшісі болып ауысады.
Журналистикада жүрсе де әскери қызметкер болсам деген арманынан күдер үзбеген кейіпкеріміз авторлық «Гарнизон» телехабарын жарыққа шығарады. Жауынгерлер өмірінен сыр шерткен жаңа жобаны облыс тұрғындары жылы қабылдайды.
Кейіпкеріміз 2000 жылдардан бастап еліміздің барлық әскери бөлімдерін аралап, қазіргі уақытта республика армиясын басқарып отырған офицерлердің басым бөлігімен кездескен.
Көп ұзамай Қорғаныс министрлігі Астанаға көшіп, Дина телестудия филиалының өкілі ретінде Алматыда қалды. Әскери журналист «Хабар» телеарнасындағы «Әскер А дан Я ға дейін» айдары мен «Әскер істері» бағдарламасын жүргізді. Көптен күткен қызы Диана дүниеге келгенде декреттік демалысқа шығады.
Дина қызы екеуі 2013 жылы Таразға оралып, «Оңтүстік» қолбасшылығына қарасты Б.Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасында әскери тәртіп офицері болып қызметін жалғастырады.
Әскерилермен тығыз жұмыс істейтін Дина Мухаринованы саланың майталманы десек, еш жаңылмаймыз. Сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігі, жетістігі, оларға қатысты жылт еткен жаңалық кейіпкеріміздің назарынан тыс қалмайды. Қызықты кейіпкерлерін уақытпен санаспай, әр күні әр ауданда, түрлі полигонда, горнизонды аралап жүріп табатын әскери тілші өз ісінің нағыз шебері. Сонымен қатар Дина жыл сайын оператор және фототілшілердің басын қосып, баспасөз турын ұйымдастырып тұрады. Қос саланы қатар алып жүрген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринованы төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ