Рухты жаныған әскери оркестр
Көрнекті театр және кино актері, режиссер, сценарист Леонид Быковтың «В бой идут одни старики» фильмі естеріңізде ме? Көрмедім дегеннің өзінде соғыс жылдарының азабы мен қасіретін бейнелейтін туындының негізгі артықшылығы саналған «Смуглянка» әнін тыңдамаған жан жоқ шығар. Киноның желісі бойынша «Маэстро» лақап атымен танылған капитан Титаренко өзі жетекшілік ететін «ән шырқаушы» эскадрильяда курсанттарымен бірге тек шайқасып қана қоймайды. Майданда жүріп әскери оркестр құрып, өнерлері арқылы ұрыстан қажыған жауынгерлерді ерлікке, табандылыққа үндеп, жалынды сөздерімен жеңіске, болашаққа үміт беріп, жігерлендіріп жүреді.
Жай ғана фильм десек те соғыс кезінде ән өнері сарбаздарға күш-қуат сыйлағаны жалған емес. Әскери ансамбль құрамында 1941 жылдан бастап жүріп, соғыс аяқталғанға дейін оқ пен оттың ортасында ән шырқап, патриоттық әндерімен жауынгерлерге рух берген Роза Бағланова да сөзімізге дәлел.
Майдан даласында болмаса да, бейбіт күннің батырларының рухын жанып жүрген әскери оркестр қазір де бар. Жауынгерлік ту, әскери белгі іспетті жауынгерлік музыка да әскери қызметшілер арасында ерліктің, батылдықтың және Отанға деген адалдықтың символына айналған. Әскери музыка – сарбаздар дайындығының құрамдас бөлігі, патриоттық-эстетикалық тәрбиенің тиімді құралы. Бүгінгі таңда ҚР Қарулы Күштері, ҚР Ұлттық ұланы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің өз әскери оркестрлері құрылған.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі де жауынгерлердің рухын көтеріп, отансүйгіштікке тәрбиелеп жүр. Осыдан жиырма үш жыл бұрын құрылған шығармашылық ұжым әскери қызметкерлер арасында ғана емес, облыс халқының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген. Өнер ұжымының қазіргі тыныс-тіршілігі, тарихы мен алдағы жоспарлары туралы оркестрдің музыканты, старшина Құдретіллә Өтепов айтып берді.
Құдретіллә Әбусаламұлының әскери оркестрде өнер көрсетіп жүргеніне ширек ғасырға жуықтапты. Айтуынша, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарайтын ұжым 2001 жылы Отардағы «Гвардейск» гарнизонында жұмысын бастаған.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығымен бірге ашылған оркестр жұмысын бастағанда ұжымдағы музыканттар саны 37 болған. Одан кейін құрамда өзгеріс 2017 жылы орын алыпты. Нақтылап айтқанда, қызметкерлер саны қысқарған, қазір мұндағы штат саны – 27.
Бір қызығы, сол кездегі аға лейтенант, қазір запастағы подполковник Берікбай Өсербаевтың жетекшілігімен құрылған әскери оркестрге алғаш қабылданған жігіттердің сексен пайызы қолдарына ұстаған аспаптарында ойнамақ түгіл, бұрын-соңды көрмеген екен. Жігіттер қалаға ауысқаннан кейін барып колледж, институтқа оқуға түсіп, арнайы білімі бар маман атанады. Алайда әлемдік деңгейде өнер көрсете алатын тәжірибелі музыкант атанған азаматтарға бұл қабілет білім емес, үлкен еңбек, талмас ерік-жігер арқылы келген.
Негізінде әскери оркестрдің мүшелері барабан, саксофон, кларнет, валторна, тромбон секілді түрлі үрмелі аспаптарда ойнайды.
Әскери оркестрдің қалыптасуына септігін тигізген Берікбай Өсербаевтың дарынды шәкірттерінің бірі – Айрат Нафиков. 2001 жылы қызметін бастағанда оркестрдің техникалық, материалдық жағдайы керемет емес еді. Музыкалық аспаптардың барлығы кеңестік заманнан қалған ескі екені айтпаса да түсінікті. Оркестр старшинасы Айрат Салауатұлының сеп болуымен аспаптардың барлығы түгел жаңартылып, мазалап келген біраз мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тапқан. Айраттың еңбегі бағаланып, кейінірек «Орталық» қолбасшылықтағы әскери оркестрге ауысып, майор шеніне дейін көтерілген, қазір зейнетте.
Запастағы подполковник Берікбай Өсербаевтың жемісті жолын подполковник Нұрсұлтан Джумагулов та абырой биігінен түсірмей жалғастыра білді. Бала күнінен әскери қызметкер болуды армандаған Нұрсұлтан 1995 жылы мектеп бітірген соң Алматы қаласына Құрлық әскерлерінің Әскери институтына құжаттарын тапсырғанымен түсе алмайды. Бірақ ақырында сол кіршіксіз бала арманы 1998 жылы орындалып, Сарыөзек кентінде әскери оркестрге жұмысқа орналасады. Уақыт өте келе, табандылығының арқасында Шымкент гарнизоны әскери оркестрінің негізін қалаушылардың біріне айналған. Осылайша «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің бастығы лауазымына дейін көтеріледі. Берікбай Сматайұлы салып кеткен дара жолдан ауытқымай, әскери оркестрді халықаралық деңгейге көтерді. Талайларды мойындатқан ұжым көптеген сайыста топ жарды. Сөзіміз құрғақ мақтау болмас үшін мысал келтірсек, 2019 жылы ҚР Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің конкурсында Нұрсұлтанның жетекшілігімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының оркестрі бас жүлдеге ие болыпты. Подполковник шеніне дейін жоғарылаған Нұрсұлтан Джумагулов қазіргі уақытта қызмет бабымен Семей қаласына ауысқан. Қолбасшылықтың әскери оркестріне қазіргі уақытта Рүстем Насыров жетекшілік етеді.
Әскери өмірде музыканың орны бөлек болғаны соншалық, жауынгерлерге кей командалар үрмелі аспаптың көмегімен беріледі екен. Атап айтқанда, тәулік сайын кезекшілікке шығатын әскерилерге арналған, жиналуға белгі беретін, саптық бой түзету, үлгілі әскери түр секілді тәртіппен тұру керектігін білдіретін арнайы марштар бар.
Айта кетерлігі, әскери оркестрге екі жылдан бері аға лейтенант Данияр Асылов дирижерлік етіп келеді. Талдықорғандық Данияр Бағланұлының алдында бұл қызметте Әди Қабдрахман болған. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери университетінің түлегі Әди оркестрге жаңаша леп алып келгенін әріптестері мақтанышпен айтып берді. Өнер ұжымы ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери оркестрлер арасындағы «Әскери керней» секілді фестивальда талай топ жарып, үздік атанғанын жоғарыда сөз еттік. Байқауларда Әди Қабдрахман қазылар алқасының мүшелерін де, көрермендерді де өзінің авторлық «Кадет маршы», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының маршы» секілді туындыларымен баурап алатын болған. Қазіргі уақытта аға лейтенант Әди Қабдрахман Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының дирижері – оркестр жетекшісі.
Сол сияқты оркестрдің Марат Әлімбеков, Ләззат Анарбаева, Сейітқасым Имадуллаев, Андрей Власов секілді өнерлі мүшелері Ресейде өткен «Виват Победа» фестивалінде бірнеше жыл қатарынан олжалы оралған. Сондай-ақ оркестр құрамында 8-9 адамнан құралған патриоттық әндер айтатын «Сарбаздар» тобы бар. Құрамында Қуандық Қалиев, Әбілсейіт Нышанов, Сейфілмәлік Серіков, Алан, Құсайынов, Құдретіллә Өтепов бар осы «Сарбаздар» тобы «Жас Ұлан» республикалық патриоттық әндер байқауының лауреаты, Гран-при иегері атанған.
Ұйқысыз дайындық пен шаршау, қобалжу, уайымның барлығы да тыңдарманның бір шынайы шапалағымен басылатынын айтқан кейіпкеріміз әскери оркестрдің шетелде өнер көрсеткеніне куә болсам дейді. Шындығында, шығармаларын әлемдік ареналарда орындамаса да халықаралық байқауларда шетелдіктермен бірге өнер көрсетіп, өздерін мойындатқан әскери оркестрде қабілет те, тәжірибе де мол. Құдретілләнің «шетелде өнер көрсетсек» деген арманы атаққұмарлық емес. Ойнау былай тұрсын, атын естіп көрмеген аспапты меңгеріп, мықты музыкант атанған қарапайым қазақ жігіттерінің өнерін әлем көріп сүйсінсе, елімізде небір таланттар бар екенін білсе деген ұлтқа жанашыр тілек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ