«Арай» алқабы интернетсіз қалды
Тараз қаласындағы «Арай» алқабы, Домалақ ана көшесінің тұрғындары бір айдан астам уақыт бойы интернет пен ұялы байланыссыз өмір сүруде. Цифрлық дәуірде байланыссыз қалған тұрғындар редакциямызға шағым айтып келіп, тиісті органдардан шұғыл көмек күтетінін жеткізді.
Бүгінгі таңда интернет пен ұялы байланыссыз қалу тек күнделікті өмірге ғана емес, жалпы әлеуметтік және экономикалық ахуалға да кері әсер етеді. Онлайн білім беру, қашықтан жұмыс істеу, цифрлық қызметтерді пайдалану – бәрі-бәрі интернетке тәуелді. Алайда «Арай» алқабының тұрғындары бұл игіліктерден уақытша ажырап қалған.
Ал облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков тұрғындарға байланыс сапасының төмендеу себебін түсіндірді. Басқарма басшысының айтуынша, осыдан бір-екі ай бұрын тұрғындардың өтінішімен мобильді операторлардың антенналары алынып тасталған.
Ал Әбдірәсіл есімді тұрғын антенналардың тұрғындардың талабы бойынша алынбағанын айтады.
Қоғамда цифрландыру деңгейі жоғарылаған сайын интернет пен байланыс қолжетімділігі өмірдің басты қажеттіліктерінің біріне айналғаны белгілі. Сондықтан да осы алқаптағы мәселе облыс деңгейінде назар аударуды талап етеді. Жергілікті билік пен байланыс компаниялары осы мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың талабына сай тез арада шешім шығарады деген үміт бар.
Айжан ӨЗБЕКОВА