Жамбыл жаңалықтары

«Әзіл аялдамасында – Толымбек»

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы, ақын, сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Толымбек Әлімбекұлының 70 жылдығына орай «Әзіл аялдамасында – Толымбек» атты бенефис кеші өтті.

Іс-шараға Толымбек Әлімбекұлы онлайн қатысты. Алдымен кеш иесінің Брайль қарпінде жарық көрген «Қалай болса, солай» атты кітабының тұсаукесері өтті. Басқосуға М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақыт Мырзабеков, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, сатирик Бақытжан Әлімқұлов қатысты.

Рухани кеш барысында оқырманның ыстық ықыласына бөленген қаламгердің өмір жолы туралы деректер айтылды. Сергіту сәтінде ақынның сөзіне жазылған «О, вальс!» әніне «Асыл арман» өнер студиясының талантты бишілері би композияциясын ұсынды.

Өз кезегінде Толымбек Әлімбекұлы сатиралық өлеңдерін оқып беріп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ жуырда ғана 70 жылдығына орай шыққан «Шымылдықтың ар жағы...», «Абыр-сабыр» атты қос жинағын автор бенефис кешінде арнайы Алматы қаласынан жолдап, кітап қорын жаңа кітаптарымен толықтырды. Бұл кітаптарда Толымбек Әлімбекұлының сатиралық шығармалары, сын-фельетондар мен драматургия саласындағы еңбектері топтастырылған.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ