Таласта тындырымды тірлік көп
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің қатысуымен брифинг өтті. Нұрбол Әбдімәжитұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайында баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Аудан әкімінің айтуынша, 2024 жылдың 9 айында өнеркәсіп өнімдері 26 миллиард 878 миллион 400 мың теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 101,2 пайызға орындалған.
Жұмыспен қамту деңгейі, инвестиция көлемі және инфрақұрылымды дамыту сияқты барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалған.
Жалпы 2023-2027 жылдары ауданда 31,2 миллиард теңгеге 4 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобалар іске асырылған жағдайда 451 адам жұмыспен қамтылатын болады. Ал есепті кезеңде ауылшаруашылығы саласында 14 миллиард 069 миллион 900 мың теңгенің өнімі өндіріліпті.
Н.Жүнісбеков биыл барлығы 11 648 гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылып, қазіргі таңда жиын-терін науқаны аяқталуға таяғанын жеткізді. Сондай-ақ ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бағытында 69 техника сатып алыныпты.
Брифинг соңында аудан әкімі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ