Жамбыл жаңалықтары

Жамбылдық жампоздар жеңіс тұғырында

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Бексұлтан Боранбекті, қола жүлде иегері Әсел Абдрасилованы және бокстан World Boxing U19 әлем чемпионатының күміс жүлдегері Асылхан Көшербайды күтіп алу салтанаты өтті. Жанкүйерлер спортшыларға қолдау көрсетіп, ыстық ықыластарын білдірді.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз алып, жас өрендерді жарқын жеңістерімен құттықтады.

Еске сала кетсек, 22 қазан мен 3 қараша аралығында Черногорияның Будва қаласында жастар арасында бокстан әлем чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додада қазақстандық боксшылар 6 алтын, 1 күміс және 10 қоламен командалық есепте бірінші орынды иеленді. Ал ел құрамасы сапында Жамбыл облысының 3 спортшысы өнер көрсетіп, 1 алтын мен 1 қола жүлде еншіледі.

Атап өтсек, 51 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Жамбыл кәсіпқой бокс клубының спортшысы Бексұлтан Боранбек жеңімпаз атанса, 48 келі салмақта Әсел Абдрасилова қола жүлдеге қол жеткізді. Бексұлтан Боранбекті жеңіске жетелеген бапкері – Мұхтар Бердімбетов. Ал Әсел Абдрасилованың бапкері – Бауыржан Асқаров.

Сондай-ақ жуырда АҚШ-тың Колорадо штаты Денвер қаласында бокстан World Boxing U19 әлем чемпионаты өткен болатын. Жаһандық додада жамбылдық шаршы алаң шебері Асылхан Көшербай 65 келіде жұдырықтасып, күміс жүлдегер атанды. Спортшыны жаттықтырған бапкер – Мақсат Әлімбаев.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ