Жамбыл жаңалықтары

«Ауыл аманаты»: атқаратын жұмыс әлі де ауқымды

Облысқа ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келіп, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Алдымен Ералы Тоғжанов Байзақ ауданына ат басын бұрды. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған мал бордақылау алаңы мен автокөлік жуу нысанының жұмысымен танысты. Бұдан соң «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құс етін экспортқа шығару қарқынын бақылады.

Сонымен бірге Меркі ауданындағы «AMANAT» оқу-әдістемелік орталығының жұмысымен танысты. Мұнда егін және малшаруашылығы саласында жеке шаруашылықты жүргізу бойынша білім беріледі.

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен бірге барлық деңгейдегі әкімдердің басын қосып, кеңес өткізді.

Алдымен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов жобаның нәтижелерін баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды.

Аталған жобаға 2019-2023 жылдары аралығында 42,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 62 ауылдық округтегі 8 028 жоба несиелендірілді.

Тарқатып айтар болсақ, 252 мың мал сатып алуға 38,4 миллиард теңге несие берілді. 57 кооператив құрылып, лизинг жүйесі арқылы 533 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Кәсіп ашуға құлықты тұрғындардың 91 жобасы қаржыландырылды. 4 жыл ішінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

2024 жылы жобаға 10,5 миллиард теңге бөлу қарастырылып, бұл қаржы көлеміне 1 200 өтінімді несиелендіру арқылы 1 672 жұмыс орнын құру жоспарланды.

Ералы Тоғжанов жобаға қатысқан жамбылдықтардың жемісті жұмысын жоғары бағалап, өзекті мәселелерді кеңес барысында жіпке тізді.

Үкімет басшысының кеңесшісі «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлы несие беру мәселесін көтеріп, өзге өңірлердегі шаруа қожалықтарының жұмысын үлгі ретінде таныстырды. Ол ауылды өркендету ортақ міндет екенін алға тартып, жауаптыларды жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Басқосу барысында ауыл әкімдеріне сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.

Кеңес қорытындысымен өңірдің ірі кәсіпорындарын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамту үлесін ұлғайту мақсатында 4 ірі кәсіпорынмен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі