Таразда алғашқы «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жоба аясында 2023-2025 жылдары елімізде 401 мектеп салу жоспарланған.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл оқу жылының басында жаңа үлгідегі алғашқы 20 мектеп ашылса, жыл соңына дейін тағы 146 мектепті пайдалануға беру межесі белгіленген.
Сәрсенбі күні Тараз қаласында заманауи үлгіде жабдықталған тағы бір жайлы мектеп ашылды. Сәні мен салтанаты келіскен №66 мектепте жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алып, жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бір айта кетерлігі, пайдалануға берілген білім нысаны облысымызда ұлттық жоба аясында ашылған екінші мектеп.
Шаһардағы «Бәйтерек» ықшамауданынан бой көтерген 1 200 орындық мектепте оқушылар мен педагогтарға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалған. Қажетті жұмыс аймақтарымен, бастауыш сыныптармен, жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен, заманауи оқу бөлмелерімен қамтамасыз етілген.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, өңірде 12 жайлы мектептің құрылысын жүргізу жоспарланғанын атап өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, басты мақсат – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру ісіндегі алшақтықты жою, балалардың кең, заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету.
Енді мектептің медиа орталығында жаңалық тарататын жас тілшілер тәрбиеленбек.
Білім нысанында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға толық жағдай жасалған, қосымша білім алуға да тамаша мүмкіндіктер қарастырылған. Мұнда екі лингафон кабинеті, үш ғылыми зертхана, кітапхана, жабдықталған екі компьютерлік сынып, үш шеберхана және көптеген коворкинг бөлме бар.
Білім мекемесінің пайдалануға берілгеніне тұрғындар да дән риза.
Салтанатты жиында мердігер «Integra Construction KZ» компаниясының директоры Данияр Рахымтаев мектеп кілтін табыстаса, ардагер ұстаз Тұрыс Жүнісов ақ тілегін арнады.
Мұнан соң аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев ардагер ұстазбен бірге жаңа мектептің лентасын қиды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ