Спорт

Ербол Мырзабосынов әлем чемпионатында жарқын жеңіске жеткен палуандарды марапаттады

Ербол Мырзабосынов елордада жуырда ғана Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесіп, палуандарды марапаттады,деп хабарлайды arainfo.kz

Іс-шараға Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, еркін күрестен ересектер арасындағы жеңімпазы Нұрқожа Қайпанов (70 кг), еркін күрестен 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан (97 кг), грек-рим күресінен күміс жүлдегер Ержет Жарлықасын (63 кг), әйелдер күресінен күміс медаль иегері Жәмила Бақбергенова (72 кг) және жаттықтырушылар құрамы қатысты.

Министр кейінгі жылдары күрес түрлерінен ұлттық құрама палуандары тәуір нәтиже көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, жақында 23 жасқа дейінгі жастар және ересектер арасындағы олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионатында ерекше нәтиже тіркелді.

Жерлестеріміз байрақты бәсекеде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 2 алтын және 2 күміс медаль иеленді.

Жиын соңында министр Ризабек Айтмұхан мен Ержет Жарлықасынға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері атағын табыстап, спортшылар мен жаттықтырушыларды Алғыс хатпен марапаттады.