Киіктерді қорғауға арналған «Алтын Дала» бастамасы әлемдік экологиялық сыйлықты жеңіп алды
Қазақстанның далалық экожүйелерін қорғауға бағытталған «Алтын Дала» бастамасы беделді экологиялық сыйлық The Earthshot Prize 2024 жүлдесін жеңіп алды,деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл марапат Қазақстандағы ақбөкен санын қалпына келтірудегі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейтудегі ерекше жетістіктерді мойындады.
The Earthshot Prize – 2020 жылы ханзада Уильям мен сэр Дэвид Аттенборо негізін қалаған бұл марапат планетаны қалпына келтіруге бағытталған инновациялар үшін берілетін әлемдегі ең беделді сыйлықтардың бірі. «Алтын Дала» бастамасы киік популяциясын қалпына келтіру, браконьерлікті азайту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрудағы ауқымды жетістіктері үшін осы сыйлыққа ие болды.
«Алтын Дала» 2005 жылы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ABC), Fauna & Flora International, Франкфурт зоологиялық қоғамы (FZS) және халықаралық ұйымның ұзақ мерзімді серіктестігі ретінде құрылған. Басты мақсаты – ақбөкен популяциясын қалпына келтіру және Қазақстан даласын сақтау.