Смартфон уақытыңды сарп етеді
Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі адамдардың өмірін ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Бір тәуліктегі 24 сағаттың басым бөлігін көпшілігіміз смартфонға телмірумен өткізетініміз ащы болса да шындық. Бірде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазым, әрі анам Толқын Жорабекқызы үйге әдеби кітап оқуға тапсырма беріп, өз-өзімізді телефон қараудан шектеу жөнінде айтты. Бір апта уақыттың ішінде әрқайсысымыз бір әдеби шығарма оқып, оның мазмұнын айтуға тиіс болдық.
Мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» туындысын оқып, ерекше әсерге бөлендім. Қожаның қайсарлығы, өжеттігі, алғырлығы көз алдыма елестеп, балалық шақтың нағыз шырғалаң шағының қандай болатынын сезіндім. Ал біздің қазіргі күніміздің қалай өтіп жатқанын ол кітапта суреттелген оқиғалармен мүлдем салыстыруға келмейтіндей. Алдында тапсырма берген уақытта Толқын әпкейіміз әдеби кітап оқу барысында ондағы сөздерді, ерекше ойларды жаңа дәптер арнап, жазып отыруды да қоса тапсырған болатын. Ол біздің тілдік қорымызды байытып, дұрыс сөйлеуімізге жол ашатынын айтты.
«Менің атым – Қожа» кітабын оқып шыққаннан кейін менің басқа да әдеби-көркем шығармаларды оқуға деген құштарлығым оянды. Өзім де смартфоннан бірте-бірте алшақтап, әлеуметтік желіге телміріп арзан дүниелерді көруді қоя бастадым. Сыныптағы бірқатар замандасым да сондай өзгеріс болғанын қуана айтты. Бір-бірімізбен кітап алмасып оқыдық.
Келесі кезекте мен Шерхан Мұртаза атамыздың «Ай мен Айша» кітабын оқыдым. Қазір Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын бастап кеттім. Оқып келген кітаптарымызды сыныпта өзара талқылау да қызық. Әдеби туындыдағы жағымды-жағымсыз кейіпкерлерді де ажыратып, олардың іс әрекетін талқылап, уақытты «ТікТок» қа телмірмей, «Instagram»-ға байланбай, тренд түсірмей-ақ қызықты етіп өткізудің қаншалықты маңызды екенін толық түсіндік. Осы тәжірибемізді замандастарымызға айтқымыз келді. Бұл тұрғыда ұстазымызға үлкен алғыс айтамыз.
«Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, әдебиет арқылы мінезіңді ғана түзеп қоймай, өзіңді де түзеуге болатындығына көз жеткіздік. Әдебиет санаңды түлетеді, смартфон уақытыңды сарп етеді.
Елнұр САМАТҰЛЫ,
№1 мектеп-лицейдің
10-сынып оқушысы,
Т. Рысқұлов ауданы