Жасыл желекке негізделген байыпты бастама
Еліміздегі аса өзекті проблемалардың қатарына қоршаған ортаны қорғау мен экологиядағы өзекті мәселелер де жатады. Осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда елімізде түрлі ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі таңда медициналық қалдықтарды жою аса ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Бұл тұрғыда қоршаған ортаны, ондағы жасыл желекті аялау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен оның байлықтарын сақтау және көркейту әрбір азаматтың міндеті екендігі сөзсіз.
COVID-19 пандемиясы басталғалы медициналық қалдықтардың көлемінің ұлғаюы бүкіл әлемде түйінді түйткілдердің біріне айналды. Әрі бұл мәселе тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіпсіз утилизация қажеттігін алға қойды. Қазақстанда барлық кластар бойынша медициналық қалдықтар көлемінің тұрақты өсуі байқалады. Бұл қалдықтарды басқару мәселесі тиісті түрде утилизацияланбау себебінен күрделеніп, саладағы бақылауды күшейтуді күн тәртібіне шығарды.
Осы мақсатта ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және техникалық гранттық қаржыландыру» конкурсында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессор оқытушылары Ж.Оралбекова, М.Акишев, А.Абдувалова, Г.Баймырзаева, А.Шымырбек және осы жолдардың авторлары дайындаған «Жамбыл өңірінде медициналық қалдықтарды шығару және утилизация мониторингінің интеллектуалды жүйесін әзірлеу» тақырыбындағы жоба үздік деп танылып, 87 187 555 теңге болатын грантқа қол жеткіздік.
Жоба негізгі ғылыми мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін заманауи сенсорлық технологиялар, заттар интернеті (IoT), жасанды интеллект және деректерді талдай отырып медициналық қалдықтардың шығарылуын және утилизациясын бақылауға арналған интеллектуалды жүйені әзірлеуге бағытталған.
Жобаның негізгі мақсаты – санитарлық стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту мақсатында медициналық қалдықтарды утилизациялау процесін мониторингтеу мен оңтайландыруға арналған интеллектуалды интеграцияланған жүйені енгізу. Бұл жүйе экологиялық тұрақты утилизация әдістерін енгізуге ықпал етеді.
Жүйе заттар интернеті (IoT), жасанды интеллект және машиналық оқыту секілді озық технологияларды қолдануды көздейді. Мұндай тәсіл медициналық қалдықтарды басқару стандарттарының сақталуын ғана емес, сонымен бірге утилизацияның тиімділігін, ашықтығын және нәтижелілігін арттыруға бағытталған.
Алға қойған мақсатқа жету үшін медициналық мекемелер мен мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін зерттеу, медициналық қалдықтардың экологиялық әсерін анықтау, жүйе архитектурасын жобалау, IoT-технологияларын пайдаланып, жасанды интеллект пен машиналық оқытуды енгізу, интеллектуалды жүйені тестілеу сияқты міндеттер қойылады.
Бүгінгі таңда АҚШ, Германия, Жапония, Аустралия, Сингапур, Ұлыбритания, Малайзия, Корея сияқты дамыған елдерде медициналық қалдықтарды басқару саласында интеллектуалды жүйелер мен заманауи технологиялар енгізіліп, «Smart Bins» контейнерлері, RFID қадағалау, көлік құралдарының маршруттарын оңтайландыру үшін GPS қадағалау, қалдықтарды энергияға қайта өңдеу технологиялары қолданылып келеді. Жоба негізінде осы негіздемеге сүйене отырып, медициналық қалдықтарды утилизациялау мәселелерін шешу үшін заттар интернеті (IoT), жасанды интеллект және машиналық оқытудың интеграциясының перспективаларын жан-жақты талқыладық. Жоба тақырыбын зерттеу барысында біз осы технологияларды қалдықтарды жинау мен утилизациялау процесін оңтайландыру, утилизациялау практикасын бақылау және медициналық қалдықтарды утилизациялау ережелеріне сәйкестікті қамтамасыз ету үшін қолдануға болатындығын анықтадық.
Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта Жамбыл облысы мен Қазақстанның басқа өңірлеріндегі медициналық қалдықтарды шығару және утилизациялау процестерін есепке алу мен мониторингтеу жүйесі күрделі бірқатар проблемамен бетпе-бет келуде.
Осы орайда Тараз қаласындағы медициналық қалдықтарды шығару және утилизациялау ұйымының өкілдерімен сауалнама, сұхбаттар өткізіліп, бұл процестің ақпараттық қаматамасыз етілуінде елеулі мәселелер бары атап көрсетілді. Аталған жобаның мақсаты – санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиянды әсерді төмендету және қалдықтарды утилизациялаудың экологиялық тұрақты әдістерін қамтамасыз ету мақсатында медициналық қалдықтарды шығару мен утилизациялауды тиімді бақылауға, басқаруға және талдауға мүмкіндік беретін кешенді бағдарламалық шешім әзірлеу.
Ортақ зерттеу жұмыстарын жүргізуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ҚР Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті (профессор Зуев Ю.А.), Новосібір мемлекеттік университеті (профессор Барахнин В.Б.), Германиядағы Хайльбронн университеті (профессорлар A. Jesser және J. Jaworski), Ұлыбританиядағы Данди университеті (профессор Vladimir Janjic және Laud Ochei) секілді жетекші оқу орындарымен және ұйымдармен орнатылған тұрақты әрі жемісті байланыстар, сондай ақ қол қойылған ынтымақтастық келісімдері негізге алынды. Осы ұйымдар мен мамандар жобаны орындау барысында кеңестер және нәтижелерді талқылау үшін тартылады.
Жобаны сәтті жүзеге асыру үшін университет заманауи компьютерлермен, «Cisco» және «Oracle» желілік жабдықтары бар зертханалық кабинеттерді қамтитын тиісті материалдық-техникалық базалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Алгорифм» ғылыми-өндірістік орталығы жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – автоматтандырылған өлшеу және деректер жинауға арналған заманауи аппараттық бағдарламалық кешендерді әзірлеу, жаңа автоматтандырылған зертханалық стендтерді құру, оларды оқу үдерісіне енгізу арқылы өзекті мәселелерді шешу.
Ең бастысы, адам қатысуын минимизациялай отырып, биомедициналық қалдықтар туралы деректер жинау үшін RFID технологиясын қолдануды және биомедициналық қалдықтарды өңдеу үшін мемлекеттік орталықтандырылған жүйе құруды және медициналық қалдықтарды жинау, сақтау, тасымалдау және утилизациялау процесінің үш деңгейлі мониторинг жүйесін қолдануды ұсындық.
Бұл тәсіл мемлекеттік деректер қоймаларын қалдықтар туралы ақпаратпен интеграциялауды зерттеу үшін келесі деңгейдегі зерттеулерде жалғасын табады. Келешекте Жамбыл өңірінде медициналық қалдықтарды шығару және утилизациялау жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдарға зерттеу нәтижелерін ұсыну және өндіріске енгізу қолға алынбақ.
Шынар АХМЕТЖАНОВА,
М.Х. Дулати атындағы
Тараз университеті
«Ақпараттық жүйелер»
кафедрасының меңгерушісі,
техника ғылымдарының
кандидаты,
Тамара ЕШМАХАНОВА,
«Ақпараттық жүйелер»
магистрі, аға оқытушы