Фермерлерге көмек көрсетіле береді
Көктем шығар-шықпастан диқан атаулы таңнан қара кешке дейін тыным таппай алқап басында жүретіні белгілі. «Көктемнің бір күні жылға азық» деп санаған шаруалар әрбір сәтті тиімді пайдаланып қалу қамымен іске білек сыбана кіріседі. Таңалагеуімде дала төсінде еңбек дүбірінің қыза түсуінің мәні көктемгі егіс науқанының әр күні санаулы екенін білдіреді. Сол үшін ылғал кеппей тұрғанда жер жырту, дән себу жұмыстары жүргізіледі.
Шаруалар ала жаздай егінді баптап, алқапты күтімге алып, зиянкес жәндіктер мен арамшөптерден қорғау үшін барын салады. Жаздың аптап ыстығы мен аңызақ желге қарамай өз еңбегінің жемісін көруге ұмтылады. Күз түскенде жиын-терін науқаны қызып, түсімді шашпай-төкпей жинап алу қамымен дамыл таппайды. Бүгінгі таңда осындай орасан еңбектің өз деңгейінде жүзеге асуы үшін мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарып келеді. Қаржыландыру мен түрлі бағдарламалар, жеңілдетілген несие мен лизинг арқылы шаруаларға жаңа мүмкіндіктер ашылып, олардың алқаптағы жұмысы жеңілдеп, еңбек өнімділігі артуда.
Жалпы шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету ауылшаруашылығы саласының дамуы үшін аса маңызды. Жыл сайын көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыруды ертерек қамтамасыз ету тек қана шаруаларға көрсетілер көмек емес, бұл елдің азық түлік қауіпсіздігін нығайтудың басты кепілінің бірі. Әсіресе климаттық және экономикалық қиындықтар тұрғысынан алғанда мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі өндірісті тұрақтандыру және халықты сапалы азықпен қамтамасыз ету үшін керек.
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков мәлімдегендей, шаруаларды қолдау мақсатында мемлекет алғашқы 100 миллиард теңгені қаржыландыруға дайындап отыр екен. Бұл шара қараша айында іске қосылып, көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терін жұмыстарын уақытында жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Мемлекеттік қолдау механизмдері бұрынғыдай сақталып, фермерлер бұрынғы шарттармен несиелерін қайтара алады. Бұл фермерлер үшін үлкен көмек. Себебі ауылшаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер жиі қаражат жетіспеушілігіне тап болып жатады. Ал бұл соның алдын алады.
Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі 320 миллиард теңгеге жеткенін атап өтуіміз керек. 2023 жылы 140 миллиард теңге бөлінген болса, келесі жылы бұл сома тағы да арта түспек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылы көктемгі және күзгі науқандарға шамамен 700 миллиард теңге қаржы бөлінеді деп жоспарланыпты. Оның ішінде 560 миллиард теңге қаржы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан нарық капиталынан тартылатын болады. Бұл үлкен қаржылық қолдаудың шаруашылық субъектілеріне берілуі ауылшаруашылығы өндірісін айтарлықтай күшейтеді және фермерлер үшін қолайлы жағдайлар жасайды деп күтілуде.
«Кең дала 2» бағдарламасы арқылы шаруалар 5 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен несие ала алады. Мұндай жеңілдетілген мөлшерлеме ауылшаруашылығы саласының шығындарын азайтып, өндірістік тиімділікті арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдік мәселесін шешу жолдары да қарастырылған. Шаруалар үшін негізгі мәселе – кепіл жетіспеушілігі, шаруалар несие алуға келгенде дәл осы мәселе бойынша қиындықтарға тап болып жататыны рас. Аталған мәселені жеңілдету үшін кепілдендіру құралдары ұсынылып отыр екен. Осы арқылы шағын және орта бизнестегі ауылшаруашылығы кәсіпорындарының қаржыландырылуы жеңілдемек.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы шаруаларға техника сатып алуға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы ұсынылуда. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайызды құрайтын бұл бағдарлама фермерлерге ауылшаруашылығы техникасын 7 жылға дейінгі мерзімге сатып алу мүмкіндігін береді. Жаңа техника ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы мен өндірістік қуаттылығын арттыруға көмектесіп, шаруалардың заманауи технологияларды қолдануына жол ашады.
Қазақстанның ауылшаруашылығын қаржыландыруда көптеген қаржы институттары белсенді қызмет атқарады, бірақ басты жауапкершілік «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына жүктелген. Бұл ұйым жыл сайын өз қызметін жақсартып, ауылшаруашылығы саласына бөлінетін қаржыны арттырып келеді. Бұл қаржылық қолдаудың нәтижесінде отандық ауылшаруашылығы өндірісі жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қосуда.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ