Ауыл шаруашылығы

Өңірде жайылым мәселесі шешілмейтін ауылдар бар

КСРО дәуірінде мал біткен қыс қыстауда, жаз жайлауда болатын. Ал ауыл халқының қолындағы малы 5-10 тұяқтан аспайтын. Сондықтан да ол заманда жайылым мәселесі бүгінгідей өзекті болған жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында жекешелендіру саясаты жүргізіліп, ауылдық жердегі кеңшар, ұжымшарлар таратылып, оның техникасынан бастап мал-мүлкіне дейін бөліске түскені белгілі.

Сол кезде өмір бойы мал баққан шопан да, механизатор да пайы есебінен еткен еңбегіне қарай азды-көпті малға ие болды. Одан бөлек мемлекеттен несие алып, атакәсіппен айналысуға ден қойғандардың да қорасына мал бітті. Міне, осы кезде қолында бір тұяқ малы бары да, жоғы да жүздеген, тіпті мыңдаған гектар жайылымды ұзақ мерзімге жалға алып, иен далаға ие болып шыға келді. Шыр біткендердің кейбірі ауыл іргесінен жер алып, шаруашылық ашып, тағы бірі орталықта қора-қора қой, үйір-үйір жылқы ұстап, ауыл маңын аз жылда қу тақырға айналдырды. Өріске шыққан малдың соңында шұбатылған шаңы аспанға көтеріліп, ауылдан әудем жер ұзағанша оңайлықпен басылмайтын.

Жалпы ауылдық жерде жайылым тапшылығы осыдан оншақты жыл бұрын туындаған болатын. Бір жағынан, бұл тұрғындардың малшаруашылығымен айналысу мүмкіндігін шектесе, екінші жағынан, жердің тиімсіз пайдаланылуына әкеліп соқты. Осы мәселені шешу үшін жайылымды тиімді пайдаланудың жолдарын іздеу осыдан 5-6 жыл бұрын басталды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жылдан бері пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны жайылым жағынан шын зәрулік көріп отырған шаруаларға беру туралы Үкіметке сәт сайын арнайы тапсырма жүктеумен болды. Мысалы, Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет.

Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауылшаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деген болатын.

Содан бері ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін қайтарып алу барысында елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан жайылым жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру ісі қарқынды жүргізілді. Бұл ретте бірқатар бағыт бойынша тиісті жұмыстар қызу жүргізілгенімен өңірімізде жайылымдық жер жетіспейтін ауылдар әлі де бар екен. Мысалы, Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылдық округіне 2 050 гектар жайылым жер жетіспейді. Бұл аудан қазіргі уақытта 2023 2024 жылдары қайтарылған 2 080 гектар жерді ауылдық округтердің теңгеріміне беру жұмысын жүргізіп жатқан көрінеді. Мәселе осылай шешілмек. Осы орайда біз «Ауылдық елді мекендері Тараз қаласына жақын орналасқан Жамбыл ауданының жағдайы не болып жатыр екен?» деген сұрақпен аудан әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ұлан Асылбековке хабарластық. Білгеніміздей, мұнда төрт бірдей ауылдық округ жайылымға зәру болып шықты.

Елді мекендері облыс орталығына таяқ тастам жерде орналасқан Жамбыл ауданында жайылым мәселесі өзекті болуы түсінікті. Ал шалғайда орналасқан аудандарға не жорық? Осы ой жетегімен Шу ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Асан Көшербаевпен тілдестік. Бөлім басшысы екі ауылдық округте жайылым мәселесі өзекті болып тұрғанын жеткізді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2024 жылы облыс бойынша тіркелген 3,4 миллион төрт түлік, яғни 395,9 мың ірі қара, 2,8 миллион уақ мал, 165,9 мың жылқы, 7,2 мың түйе жайылымнан таршылық көрмеуі тиіс. Әсіресе ауыл тұрғындарының қолындағы азын-аулақ мал жайылымсыз қалмауы керек. Негізінде ауылшаруашылығы саласынның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуда, олардың әл-ауқатын көтеруде бұл өте өзекті мәселе. Қолындағы бір-екі сиырының сүті мен бес-алты уақ малының бетіне қарап отырғандар үшін жайылым жер ең маңызды құндылыққа жатады. Сондықтан жайылым тапшылығы қашан жойылатынын білу мақсатында облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Тажиковке жолыққан едік.

Айдар Әмзеұлымен әңгімелесу барысында жайылым мәселесін шешу мүмкіндігі мүлдем жоқ елді мекендер бар екенін естіп, ойға шомдық.

Негізі облыстың әкімшілік аумағы 14427,5 мың гектар болса, оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы, яғни айналымда жүрген жер көлемі 4661,6 мың гектарды құрайды.

Ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылым жер көлемі – 3,6 миллион, елді мекендердің жайылым көлемі 740,5 мың гектар болса, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және ауылшаруашылығынан басқа мақсатқа арналған жайылым жер көлемі 37,9 мың гектарды құраған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері – 1 000 гектар, ал орман жер қоры – 1,6 миллион гектар болса, босалқы жерлер – 942,5 мың гектар.

Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге 2024 жылдың 9 айында 6 конкурс ұйымдастырылып, 23,2 мың гектар айналымға тартылыпты. Кәсіпкерлік мақсатта 73 жер учаскесі аукционға шығарылып, ол 157,7 миллион теңгеге бағаланып сатылған. Облыс бойынша босалқы жер қорынан осыған дейін елді мекендерге 378 мың гектар қосылып берілген. Соның арқасында елді мекендер жері 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайған екен.

Облыс аумағында инвесторлар үшін жалпы көлемі 3,3 мың гектар болатын 68 жер учаскесі анықталыпты. Жалпы көлемі 81 946 гектарды құрайтын күн, жел электр стансасын орналастыру үшін іздестіру жұмыстарын жүргізуге – «Актас Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Мойынқұм ауданынан, «China Power International Holding Limited» компаниясына Жуалы, Талас ауданынан жер учаскелері беріліпті.

Талас ауданы аумағынан «Тараз Қуат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бу-газ электр стансасын салу үшін 4,1 гектар жер учаскесі табысталған. Индустриалды аймақ құру үшін 256 гектар жер учаскесі бекітілген. Бұл ретте Т.Рысқұлов ауданынан 94 гектар, Меркі ауданынан 25 гектар, Сарысу ауданынан 137 гектар, тас тұзын өндіру үшін «Qazaq Soda» серіктестігіне Сарысу ауданы аумағынан 100 гектар жер учаскесі бөлінген.

Байзақ ауданы аумағынан этно ауыл, демалыс орны және балықшаруашылығын жүргізу үшін 3,59 гектар жер учаскесі табысталыпты. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 15 жер қойнауын пайдаланушыға 913,5 гектар жер учаскесі берілген. Ашықтықты сақтау мақсатында өңірлік геоақпараттық порталға жер қойнауын пайдаланушылар туралы ақпарат енгізілуде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ