Мемлекеттік қызметшілер спорттан да осал емес
Тараз қаласындағы «Олимпик» спорт кешенінде «Мемлекеттік қызмет – игі жақсылардың айнасы!» ұранымен мемлекеттік қызметшілер арасында кіші футболдан «JAMBYL QYZMET CUP KUZ – 2024» облыстық турнирі өтті.
Тұрақты түрде өтетін турнирге биыл Тараз қаласы мен аудандардан 17 команда қатысып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Биылғы бәсекеге командалардың тастүйін дайындықпен келгені әрбір ойыннан анық аңғарылып тұрды. Командалар бір біріне есе жібермеуге тырысып, ойынның соңғы секундтарына дейін жан алысып, жан берісіп бақты.
Тартысқа толы болған турнирдің қорытындысы бойынша Жамбыл ауданының командасы жеңімпаз атанды. Жамбылдық ойыншылар ақтық сында КГИ құрамасын айқын басымдықпен жеңіп, өздерінің шын мықты екендерін дәлелдеді. Ал ІІІ орынды Мойынқұм ауданының командасы иеленді.
Турнирдің жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.
Сонымен қатар бірқатар спортшы жекелеген номинациялар бойынша марапатталды. Атап өтер болсақ, Асан Алмат (Мойынұм ауданы) – «Үздік сұрмерген», Еркебұлан Базарбаев (Сарысу ауданы) – «Үздік ойыншы», Дулат Мейірбеков (мемлекеттік кірістер департаменті) – «Үздік қорғаушы», Төлебек Құлекеев (ауылшаруашылық басқармасы) – «Үздік қақпашы», Сәкен Сыздықов (Байзақ ауданы) – «35 жастан асқан үздік ойыншы» және Нұрболат Сатымқұл (Қордай ауданы) «Үздік топ жетекшісі» номинацияларына лайық деп танылды.
М. ЖАМБЫЛҰЛЫ