Спорт

Бақдәулеттің бағы жанды

Өткен аптаның сейсенбісінде Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт кешенінде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына орай «Кәсіподақ барысы» республикалық турнирі өтті.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат тұтқан турнирге әр өңірден келген 37 балуан қатысып, күш сынасты.

Кеудесінде қаны ойнаған нағыз ерлердің бәсекесін Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов құттықтау сөзбен ашып берді.

Сондай-ақ турнирдің ашылу салтанатында облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі, ардагер спортшы, «Құрмет» орденінің иегері Марат Жақиев, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан, қазақша күрестен спорт шебері Сәлкен Жартыбаев сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі. Ал облыстық қазақ күресінің Құрметті президенті Жетпісбай Медеуов ақ батасын берді.

Мұнан соң қазақша күрестің көрігін қыздырған спортшылардың тартысты бәсекесі басталып кетті. Бозкілемде күш сынасқан балуандар бірін-бірі жамбасқа салып лақтыру, іштен шалу секілді түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, көрерменнің көзайымына айналды. Әсіресе Абай облысынан келген Аманбол Қабдоллаев пен атыраулық Сағат Ғазимовтың жекпе жегі тартысты өтіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Сағат балуан бастапқыда абайлық қарсыласына есе жіберіп, тіпті бір мезетте аяғын жаралап алса да күресті тоқтатпастан, соңғы минуттарда жеңісті жұлып алды.

Қостанайлық Нұрсұлтан Сәлімжанов пен павлодарлық Абзал Арыстанбековтің де кездесуі бәсекенің көркін қыздыра түсті. Ә дегеннен-ақ қарсыласын жамбасқа салып алып тұрған Нұрсұлтанның әдісін төрешілер «нәтижесіз» деп есептеді. Дегенмен шешімге сына қоймаған қостанайлық балуан мұнан кейін де қарсыласқа дес бермей, әлгі тәсілін тағы қайталап, жартылай жеңіске қол жеткізді. Осылайша бұл белдесуде Нұрсұлтан Сәлімжанов жеңімпаз атанып, финалға шықты. Одан кейін шыққан спортшылар да өзара тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті.

Жалпы дүбірлі додада 90 келіге дейінгі салмақта – 20, 90 келіден жоғары салмақта 17 қатысушы бақ сынады. Жауырыны жер иіскемеген кіл мықтылар жиналған балуандар бәсекесінде облысымыздың намысын шулық Бақдәулет Қазыбек қорғады. Шу ауданындағы №40 мектеп-лицейдің денешынықтыру пәнінің мұғалімі көктемде өткен «Кәсіподақ барысы – 2024» турнирінің облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған.

Бақдәулет балуанның бабы мен бағы қатар шапса, республикалық турнирде де қарсылас шақ келтірмейтініне жерлестері сенімді болған. Сенімді ақтай білген жамбылдық балуан қарсыластарының барлығын қоғадай жапырып, алтыннан алқа тағынды.

Сайыс соңында республикалық турнирдің әрбір салмақ бойынша жеңімпаздары арнайы медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Тартысты өткен турнир қорытындысында 90 келіге дейін салмақ дәрежесінде І орынды жерлесіміз Бақдәулет Қазыбек жеңіп алса, Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияның денешынықтыру пәнінің мұғалімі Сағат Ғазимов ІІ орын тұғырынан көрінді. Жүлделі ІІІ орынды Қостанай облысындағы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының оқытушысы Нұрсұлтан Сәлімжанов еншіледі.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ