Ауасы лас қалалар көбеюде
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы деректер Қазақстандағы экологиялық жағдайдың күрделенгенін көрсетеді. Еліміздегі 70 елді мекеннің ішінде 5 қала ауаның өте жоғары ластануы деңгейіне жеткен, су ресурстары да сын көтермейтін жағдайда. Тіпті кейбір суайдындардың тек өнеркәсіптік мақсатта ғана қолдануға жарамды екені анықталған.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, алғашқы жартыжылдықта еліміздің атмосфералық ауасының сапасын бағалау қорытындысы бойынша елдегі бірқатар қаланың экологиялық жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. 5 қала өте жоғары ластану деңгейіне, ал 21 елді мекен жоғары ластану деңгейіне жеткен.
«Нақтылап айтсақ, ауа сапасы жақсырақ 16 елді мекеннің қатарына Көкшетау, Степногорск, Саран, Қордай және тағы басқа қалалар жатқызылған. Бұл аймақтарда экологиялық жағдай біршама жақсырақ. 28 қала мен елді мекенде ластану деңгейі орташа деп танылыпты. Олардың ішінде Атырау, Ақтау, Шымкент, Жезқазған, Тараз сияқты ірі қалалар бар. Бұл аймақтарда атмосфералық ауаның сапасы салыстырмалы түрде тұрақты, бірақ экологиялық мәселелер шешуді талап етеді.
Үшінші топқа ластану деңгейі жоғары деп танылған 21 қала кіреді. Бұл қалаларға Алматы, Өскемен, Теміртау, Балқаш, Орал, Риддер, Сәтбаев, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Түркістан және тағы басқа қалалар жатады. Ауаның ластануының жоғары деңгейі өндірістік кәсіпорындар мен автокөліктерден шығатын газдармен тығыз байланысты. Мысалы, Алматыдағы көлік тығыздығы ауаның сапасына айтарлықтай әсер етеді.
2024 жылдың алғашқы алты айында ең лас қалалар Қарағанды, Астана, Талғар, Ақтөбе және Ақсай болып танылды. Бұл қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жеткен. Әсіресе Қарағанды мен Атырауда жағдай ерекше алаңдатарлық күйде. Биыл Қарағандыда – 94, Атырауда 91 рет жоғары ластану оқиғасы тіркелген. Мұндай көрсеткіштер көбінесе өндірістік аймақтардың көптігімен және өнеркәсіптік шығарындылардың әсерімен байланысты» делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, еліміздегі 132 жерүсті су нысанында бақылау жүргізіледі. Оның ішінде өзендер, көлдер, суқоймалар бар екен. Судың сапасы 60 көрсеткіш бойынша тексеріледі. Соның ішінде температура, ластану деңгейі және ауыр металдардың болуы сияқты талаптар бар.
Есепті кезеңде алынған су сапасы нәтижелері бойынша бірнеше санатқа бөлініпті. Ең жақсы сапаға барлық мақсаттар үшін қолайлы Ертіс өзенінің суы іліккен болса, жақсы сапа ретінде шаруашылық және өнеркәсіпке жарамды Ертіс өзені анықталған. Балық өсіру, суару және өнеркәсіп үшін жарамды Талас, Аса, Шу, Іле өзен суының сапасы орташа деп тіркелсе, тек өнеркәсіпке жарамды Атырау облысындағы Жайық өзені, Ақмола өңіріндегі Есіл өзені, Қызылордадағы Сырдария өзені төмен сападағы су көзі ретінде бағаланған.
Министрлік ұсынған бұл деректер Қазақстандағы экологиялық жағдайдың ушығып келе жатқанын көрсетеді. Ауаның және судың ластануы тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, табиғи ресурстардың сапасын төмендетіп жатыр. Бұдан біз алдағы уақытта экологиялық проблемаларды шешу үшін мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылданып, тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру аса маңызды екенін аңғарамыз. Экологияның қорғалуын қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті болуы тиіс.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жүргізіп жатқан ғарыштық мониторинг дерегінше, еліміздегі ең таза қала Ақтау деп танылды.
Спутниктердің көмегімен жерді жыл сайынғы қашықтан зондтау 1 наурыздан 30 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, қалдықтарды тек жылы кезде табуға болады. Өйткені жерде қар болса, суреттер бақылауға жарамсыз болып қалады. Бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 600-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған. Ғарыштық мониторинг деректеріне сүйенсек, Ақтау шаһарында тек 11 қоқыс орны табылған.
Ал рұқсат етілмеген қоқыс полигондарының көпшілігі Астана қаласының аумағынан анықталды. Онда 206 жерде қалдық үйілген. Одан кейін Ұлытау, Ақмола облыстарында да қоқыс көп.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ