Әлеумет

Жуалылықтар сапалы интернет игілігін көре бастады

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Жуалы ауданында интернет инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Аудандағы ауылдарға сапалы интернет тарту білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету салаларында цифрландыру деңгейін арттыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік пен ауылшаруашылығын дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауылдарға қажетті инфрақұрылым тарту үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен түрлі шаралар атқарылып жатыр.

Бүгінгі таңда Жуалы ауданындағы 29 елді мекен – 4G, 11 елді мекен – 3G және 9 елді мекен 2G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Б.Момышұлы, Қайрат, Дихан, Бәйтерек сияқты ауылдар 4G-мен жабдықталған, ал Жаңаталап, Жылыбұлақ сынды елді мекендерде 3G ғана қолжетімді. Күркіреусу, Ақтоған секілді кейбір ауылдарда интернет сапасы төмен. Себебі 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған.

Сондай-ақ аудан бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісі 12 елді мекенде қолжетімді. 37 елді мекенде әлі де талшықты-оптикалық байланыс желісі жоқ. Бұл көптеген ауылдың тұрақты және жылдам интернетке қол жеткізуін қиындатады. Мұнан бөлек радиорелелік байланыс желісіне 12 елді мекен қосылған, нәтижесінде 550 үй сапалы байланысқа қол жеткізіп отыр.

Жоспарға сәйкес «Beeline» операторы 5 елді мекенді интернетпен қамтып, Б.Момышұлы ауылында модернизациялау жұмыстарын жүргізіпті. Сондай-ақ 2025 жылға дейін Қаратас пен Жүрімбай ауылдарын сапалы интернетпен қамту жоспарланған.

Жоспар бойынша 2024 жылы – 7, 2025 жылы – 18, 2026 жылы – 10, ал 2027 жылы 2 елді мекенді қамту көзделген. Барлығы 37 елді мекенде 126 мемлекеттік мекеме толықтай интернетпен қамтылатын болады.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен кейбір елді мекендерде антенна-діңгек құрылысы жүргізіледі. Бұл Күркіреусу, Ақтоған ауылдарын сапалы мобильді байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Б.Момышұлы ауылында 240 абонент мыс желісінен талшықты-оптикалық байланысқа ауыстырылды. Жыл соңына дейін тағы 250 абонент қосылмақ.

Жуалы ауданының тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған осы шаралар ауылдық жерлердегі цифрлық даму деңгейін арттыруға үлкен серпін береді деп күтілуде.

Айжан ӨЗБЕКОВА