«Даму» қорының қолдауы қомақты
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалы «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға баспасөз турын өткізді.
«Даму» қоры субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдікті қаржыландыру құралдары арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеді. Субсидиялау кәсіпкерлерге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және ай сайынғы төлемдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Журналистер алдымен наурыз айында пайдалануға берілген «Bursa» қонақүйіне ат басын бұрды. Жеке кәсіпкер Лола Исматуллаева «Даму» қорының қаржылай қолдауына ие болып, Тараз қаласынан екінші қонақүйін ашқан. Бүгінгі таңда қонақүйде 15 адам жұмыспен қамтылған. Қонақүй бизнесімен 9 жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкер жұмыс жоқ деп қол қусырып отыруға болмайтынын, мемлекет беріп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керектігін жеткізді.
Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері «Даму» қоры облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы 1 397 жобаға жалпы сомасы 40,2 миллиард теңгеге қолдау көрсеткен.
Мұнан кейін БАҚ өкілдері «Bolashak kids» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Бастапқыда 1998 жылы «Тараз» институты ретінде ашылған оқу орны бүгінде «Тараз Болашақ» жоғары медициналық колледжі атауын иеленген.
2003 жылы Тараз қаласында құрылған колледж орта кәсіптік медициналық мамандар даярлаумен айналысады. Колледж 2 ауысым бойынша 2 121 студентке білім беруде.
Жеке кәсіпкер Пернебай Асқаров колледж ғимаратын жөндеу, кабинеттерді жабдықтау және жаңа құрал-жабдықтар сатып алу мақсатында «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы несие рәсімдеген. Бұл ретте «Даму» қоры несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы қолдау көрсетіп отыр.
Келесі кезекте тұрмыстық жиһаз өндіретін «Веллес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Кәсіпкер Олеся Николаевна 2010 жылы кеңсе және тұрмыстық жиһаз шығаратын цех ашқан. Серіктестік кеңсе және тұрмыстық жиһаздар, сейфтер, жалюздер, кеңсе тауарлары, шаруашылық заттар, креслолар, орындықтар, ұйымдастыру техникасын өндірумен және сатумен айналысады.
Жақында ғана компания жиһаз шығару үшін жаңа жабдықтар сатып алу мақсатында «Нұрбанк» АҚ арқылы несие алған. Ал «Даму» қоры несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялап, кепілдік беру арқылы қолдау көрсеткен. Цехта оннан астам адам жұмыс істейді.
Ал сатып алынған бір қондырғының құны 25 миллион теңге тұрады. Мұнда жиырма шақты түрлі аппарат пен станок орналасқан. Цехпен бізді басшының орынбасары Ольга Сакалова таныстырды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА