Кемшіліктердің орны толтырылады
Шу ауданында 9 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 25,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 миллиард теңгеге артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков айтты.
Есепті кезеңде өңірде 24 920 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Кәсіпкерлік саласында да өсім байқалады. Сол секілді сауда айналымы 19,5 миллиард теңгеге жетіпті.
Шындығында, ауданда тапсырыс болмағандықтан «Хим-ПЛЮС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірісті тоқтатса, жоспарлы санитарлық жұмыстарға байланысты «Каз-Ир Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қаңтар-ақпан айларында уақытша жұмыс істемеген. Компания өз қызметін сәуір айында ғана қайта бастапты. Сол секілді «Шу локомотив жөндеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де қызмет көрсету көлемі 1,8 пайызға төмендеген. Өткен жылы серіктестікте 2,1 миллиард теңге кіріс кірсе, биыл 2 миллиард теңге пайда тапқан.
Ауылшаруашылығы саласындағы кемшіліктер нақты игерілмеген егіс алқаптары бойынша статистикалық деректерді өзектендіру нәтижесінде орын алып отырған сыңайлы. Яғни 2024 жылдың өнімі үшін 73 179,8 гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 60 954,6 гектарға немесе 45,5 пайызға кем орындалыпты. Жыл қорытындысымен аталған көрсеткішті 66,6 пайыздан 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ауданда инфрақұрылымды дамыту мәселесі де ретімен шешіліп, ауылдар газ, жарық, ауызсумен қамтамасыз етілуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ