Алаяқтықпен күрес тоқтамауы тиіс
Өкінішке қарай, елімізде алаяқтықпен байланысты қылмыстар уақыт өткен сайын көбеюде. Сондықтан халықты алаяқтардың арбауына түсіп қалудан сақтандыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет.
Жалпы алаяқтық қылмыстарының артуына техникалық прогресс ықпал етті. Адамдар интернет арқылы алыс-жақын шетелмен байланыс орнатты. Бейтаныс тұлғалармен байланысқа түсіп, халықаралық онлайн-бизнес жүргізе бастады. Бұл жағдайларда біздің жеке деректеріміз жеткілікті қорғалмады. Сондықтан алаяқтар өз қылмыстық әрекеттеріне осы мүмкіндікті тиімді пайдалануда.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша, алаяқтық дегеніміз – алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру немесе бөтеннің мүлкіне құқықтар алудың бір түрі.
Қарапайым тілмен айтқанда, алаяқтық – алдау. Алаяқтар адамдарды алдап, сенімдеріне кіріп, құрығына түсіреді. Сол себепті алаяқтық істерінің көпшілігі азаматтық сотқа өтеді. Өкінішке қарай, мұндай мәселе қазір өзекті болып отыр, сондықтан біздің азаматтарымызға құқықтық тұрғыдан білім алу қажет. Яғни Қазақстанның Азаматтық кодексін кем дегенде негіз деңгейінде оқып немесе заңгерлерден кеңес алу қажет.
Әрдайым алаяқтық фактісін құқық қорғау органдары қылмыс ретінде қарастырмауы мүмкін, яғни 190-бап бойынша қылмыстық іс қозғалмайды. Ал алаяқтыққа тап болған адамдар кейде өздері күдікті болып қалатын жағдайлар да кездеседі. Осы мәселелердің мән жайын толық түсіну үшін алаяқтықтың статистикасы мен жіктемесін жүргізу қажет.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде әсіресе интернет-алаяқтық өршіп тұр. Бұл қылмыс түрімен еліміздің әрбір азаматы таныс. Мобильді телефондарға күнделікті келіп түсетін қоңыраулар, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер халықтың әбден мазасын алып бітті. Екінші орында – бизнестегі алаяқтық. Бұл жерде азаматтарымыз қаржы салымдарын жасап, түрлі жобаларға қатысады.
Сондықтан алаяқтықтың жолын кесу үшін алдымен халық сауатты болуы керек. Сауатты адам сан соғып қалмайды.
Бауыржан АЛДЫБЕРГЕНОВ,
дәрігер-реабилитолог