Брифинг

Баламалы энергия үлесі ұлғаяды

Облысымызда жалпы қуаты 551,3 МВт-ты құрайтын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның алтауы – су электр стансасы, 10-ы – жел электр стансасы, қалған алтауы күн электр стансасы. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов айтты.

Ғалым Исабайұлының айтуынша, облысымызда 2010 жылдан бері жаңартылатын энергетика көздері (ЖЭК) белсенді дамып келеді.

Мәселен, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі – құны 49 миллиард теңгені құрайтын, қуаты 100 МВт болатын «Жаңатас» жел электр стансасы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт-ты құрайтын «Тасөткел» суқоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылған. Сондай-ақ 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 МВт-қа тең «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт-ты құрайтын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр стансасы пайдалануға берілген. Биыл қаңтар айында Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 МВт-ты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр стансасы жобасының құрылысы аяқталып, іске қосылыпты.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ