Құрылыс қарқыны бәсеңдемеуі керек
Жалпы құрылыс нысанын уақытында пайдалануға беру – басты міндет. Облыс бойынша құрылыс жұмыстарының барысы қаралған кезекті аппараттық кеңесте аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев осы мәселеге баса назар аударды.
Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл құрылыс саласында жалпы сметалық құны 248,1 миллиард теңгені құрайтын 282 жобаға 83,3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Бұл қаражат түрлі әлеуметтік нысандарды салуға, қалпына келтіруге және жаңғыртуға бағытталған. Оның ішінде 201 нысан биыл пайдалануға берілуі тиіс болса, 81 нысан келесі жылға өтпелі.
Жиында Ербол Шырақпайұлы құрылыс қарқынына қатысты мәселе туындаған 6 білім, 1 денсаулық сақтау нысаны, тұрғын үй құрылысы, су жүйесі құрылысы секілді өзге де түйткілдерге назар аударып, тиісті басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдерінен жауап алды.
Мысалы, аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен: «Тараз қаласында жыл соңына дейін 49 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Осы жұмыстар өз мерзімінде аяқтала ма? Екінші мәселе – бюджет есебінен 669 пәтерді сатып алу жоспарланған. Алайда бүгінгі күнге дейін 408 пәтерді сатып алу рәсімдері жарияланбаған. Не себепті жұмыс баяу жүргізілуде?» – деп сұрады.
Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, қала аумағында 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатса, оның біреуінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Ал есепті мерзімде 14 тұрғын үй пайдалануға беріліпті.
Жиын соңында Ербол Шырақпайұлы құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыру және нысандарды уақытында тапсыру мәселесіне қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Облыс әкімі әр сала бойынша құрылыс барысын бақылауды күшейтуді, сапа стандартқа сай болуын және жоспарланған мерзімде құрылыс жұмыстары аяқталуын қадағалауды талап етті.
Бұдан кейін «қызыл сызық», яғни құрылыс нормасының сақталуы туралы мәселе қаралып, бұл бойынша облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев пен облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев баяндама жасады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ