Францияда қазақ тарихына арналған ерекше көрме ашылды
Парижде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында Гиме Азия өнерінің ұлттық музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті,деп хабарлайды arainfo.kz
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлем тарихындағы Ұлы даланың үш мың жылдық ерекше мәдени феноменін паш ететін көрмедегі бірегей экспонаттардың маңыздылығын атап өтті.
Ол француз әріптестеріне көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени қарым-қатынастың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Экспозицияда Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының коллекцияларынан алынған 35 сирек артефакт ұсынылған. Олар Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін паш етеді.
«Музейдің биік миссиясы – өткеннің мәдени құндылықтарын көрсете отырып, заманауи тарихты жасау. Көрмеге қойылған ең құнды жәдігерлер алғаш рет шетелдік көрерменге заманауи, жаңашыл форматта ұсынылып отыр. Бүгін біз жаңа тарихтың – елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму тарихының куәсі болып отырмыз», – деді министр.
Көрермендер көшпелі мәдениеттің және мемлекеттіліктің дамуын бейнелейтін құнды мұраларды тамашалай алады, олардың қатарында ғұн-сармат кезеңінен бастап Қазақ хандығына дейінгі жәдігерлер бар. Көрменің ерекшелігі – көрерменге Қазақстан мәдениетінің санғасырлық тарихы мен бай қазынасын терең тануға мүмкіндік беретін иммерсивті мультимедиялық контент.
Көрме 2025 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады.
5 қарашада, көрмені Қазақстан мен Франция Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон тамашалайды.
Айта кету керек, көрме жобасына Қазақстанның Франциядағы елшілігі, Болат Өтемұратов қоры мен Alstom Kazakhstan компаниясы, Visor Group ЖШС және Кеңес Рақышев қолдау көрсетті.