Тасжолдар тайғақ болмас үшін...
Қыста қардың қалың түсуі – келеңсіз оқиғалар мен төтенше жағдайлардың орын алуына басты себеп. Осы мақсатта облысымызда қырбастың қызылынан бастау алып, бөрі сырғақтың аязымен аяқталатын қыс мезгіліне дайындық шаралары күшейтілуде.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 194 шақырымды құрайды.
Жыл басынан бері қысқы күтіп-ұстау бойынша жасалған шарт негізінде «ҚАЖ» сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық филиалы тарапынан 7 жылу пункті және 9 өндірістік база дайындалыпты. Жылу пункттері мен өндірістік базаларда көктайғаққа қарсы материалдар сақталып, арнайы техникаларға техникалық қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда 71 техниканың 65-і арнайы тексерістен өтіп, қысқы маусымға дайындық деңгейі 91,5 пайызға жеткен.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау бойынша инертті материалдар дайындалып, бекітілген жоспарды толық орындау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бүгінге дейін 3 500 текше метр құм (70 пайыз), 17 861 текше метр тастықұм (отсев) (68,8 пайыз) дайындалыпты. Сондай-ақ 4 500 тонна тұз (66 пайыз) сатып алынып, 80 тонна көмір толық дайындалып, жоспардың орындалуы 100 пайызға жеткен.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы ның директоры Айжан Туғанованың айтуынша, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқа дайындығы қатаң бақылауда. Мәселен, «Меркі – Бурылбайтал» автожолын қыста күтіп-ұстау бойынша қазіргі таңда 1 800 тонна құм, 90 тонна тұз бен 1 020 литр жанар-жағармай дайындалыпты. Техникалар да сақадай сай.
Қыс мезгілінде республикалық маңызы бар автожолда жүру мүмкіндігі қиындайтын болса, «1403» нөмірі бойынша Сall орталыққа хабарласуға болады. Аталған байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті де қысқы маусымға арналған дайындықтарын күшейтуде. Биыл ақтүтек боран мен ақұлпа қардан келетін зардаптың алдын алу және онымен күресу негізінде жұмылдырылатын жеке құрам мен техникалардың саны көбейіпті. Барлығы 1 696 адам қар тазалау және құтқару жұмыстарына қатысады.
2024 жылы 17-20 қазан аралығында тиісті мекемелердің қызметкерлерімен құрылған жұмыс тобы облыстағы күштер мен техникалардың дайындығына толыққанды тексеру жүргізілген. Былтыр қатты боран мен дауылды желдің салдарынан қар жолды жауып, қолда бар техникалардың діттеген жеріне жетуі қиындаған. Осыған байланысты жақын маңда орналасқан әскери бөлімдердің шынжыр табанды техникалары тартылып, күш толыға түскен болатын. Демек, биылғы жылы мұндай оқиғаларды басты назарда ұстау төтенше жағдайлар департаментінің маңызды міндеттерінің бірі.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек те қысқы кезеңге дайындығын пысықтау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментіне арнайы барды.
Қанатбек Қайшыбекұлы департамент қызметкерлерімен кездесіп, қысқы кезеңдегі қауіпсіздік шаралары мен дайындық деңгейімен танысты. Облыстық ТЖД басшылығы қысқы кезеңдегі ауа райының күрт өзгеруі мен болуы ықтимал төтенше жағдайларға дайындық жоспары туралы баяндады.
Департамент қызметкерлері қысқы мерзімде туындайтын ықтимал қиындықтарға, әсіресе қар көшкіні, аязды ауа райы мен жол апаттарына қатысты кешенді шараларды әзірлеп, енгізген. Мамандар қажетті техникалар мен құралдардың, сондай-ақ мамандардың дайындығын қамтамасыз етуді басты назарда ұстап отыр. Сонымен қатар департаменттің техникалық паркі де жаңартылып, қысқы жағдайларда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар арнайы техникалар мен жабдықтар сатып алынған.
Қ.Мәдібек қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға назар аударды. Сондай-ақ бұл күні кысқы мерзімде жұмыс істейтін ТЖД қызметкерлері үшін арнайы жаттығулар ұйымдастырылып, түрлі сценарийлер бойынша дайындық жүргізілді. Аталған шаралар ТЖД қызметкерлерінің қысқы жағдайларға бейімделуіне және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Департамент басшылығы қысқы кезеңде тұрғындармен байланысты нығайту, сондай-ақ жұртшылыққа қауіпсіздік ережелерін жеткізу мақсатында дайындық шараларын жүргізетінін мәлімдеді. Жергілікті тұрғындар үшін түсіндіру жұмыстары мен семинарлар өткізу жоспарлануда, бұл оларға төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге септігін тигізеді.
Қанатбек Мәдібек ТЖД қызметкерлерінің қысқы кезеңге дайындығын зерделеп, олардың халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарына оң баға берді. Ол қысқы мерзімде тұрғындардың қауіпсіздігі мен қорғау шараларын күшейтуді тапсырды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ