Қоғам

Қайсар жандар қиындықтан қашпайды

Қызыл жалынмен айқасып, талай жантүршігерлік оқиғалардың ортасында жүретін өртсөндірушілердің еңбегі қандай құрметке болсын лайықты. Бүгінгі мақаламызда тілсіз жаумен арпалысып, халықтың амандығы үшін бастарын бәйгеге тігіп жүрген бейбіт күннің батырларының ерлікпен пара-пар еңбектерін оқырмандарымызға таныстырғанды жөн көрдік.

ШАР БОЛАТТАЙ ШЫҢДАЛҒАН ШОҚАН

Қаратау қаласындағы құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Шоқан Кенжеғұлов 1982 жылы 8 қарашада Тараз қаласында дүниеге келген. Әкесі Жұманәлі – автобус жүргізушісі, анасы Тоқтагүл «Кожкомбинат» фабрикасында тігінші болып жұмыс істеген.

Шоқан 1990-2001 жылдар аралығында Тараз қаласындағы №10 Калинин орта мектебінде білім алған. 2006 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мелиорация, рекультивация және жерді қорғау» мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар университеттің әскери кафедрасында білім алып, лейтенант атағын иеленді.

Шоқан Кенжеғұлов құтқару қызметінде 16 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. 2015 жылдан бастап жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы лауазымын атқарып жүр. Құтқарушының басты міндеті – адам өмірін сақтау. Бұл жауапты міндет халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрмыстық және өндірістік апаттардың алдын алуға бағытталған. Қызмет барысында Шоқан талай жасөспірімді суға батып бара жатқан жерінен құтқарып, өмірлерін сақтап қалған. Мысалы, «Зербұлақ» жасанды көлі аумағында кезекшілік кезінде талай рет құтқару операцияларын сәтті орындаған.

Шоқанның кәсібилігі тек бұл оқиғалармен ғана шектелмейді. 2010 жылдың қаңтар айында Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылындағы таулы аймақта қар көшкіні астында қалған екі аңшыны құтқару операциясында да кейіпкеріміз өзінің кәсіби маман екендігін көрсетті. Сонымен қатар 2024 жылдың 18 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында Алматы облысы, Қонаев қаласында өткен «Скала – 2024» оқу-жаттығуына және «Қазқұтқару – 2024» жиын семинарына белсенді қатысты.

Адам өмірін құтқару арқылы басқаларға қуаныш сыйлау – Шоқан үшін үлкен мақтаныш.

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ҚАЛЫБЕК

2024 жылдың 19 қыркүйегінде түнгі сағат 22:52-де «101» нөміріне Жуалы ауданы, Күреңбел ауылындағы тұрғын үйдің ауласындағы шөпхананың өртке оранғаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына №14 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамы жедел жетіп, барлау жұмыстарын жүргізеді. Құтқарушылар шөпхананың толығымен өртке оранғанын және қызыл жалынның тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарға жақындап, қауіп төндіре бастағанын анықтайды. Жағдайдың күрделене түсуіне байланысты бөлімше командирі Қалыбек Егенбердиев дереу әрекетке кірісіп, жігіттерге өрттің таралу аймағын алдын ала қоршап, су шашып, жалынның одан әрі өршуіне жол бермеу туралы бұйрық береді.

Өртсөндірушілер қатты ыстық пен қою түтінге қарамастан тілсіз жаумен батыл күресіп, небәрі 25 минут ішінде өртті толығымен ауыздықтайды. Қызметкерлердің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында тұрғын үйлер аман қалып, ешкім зардап шекпеді. Өз кезегінде тұрғындар да өртсөндірушілерге шексіз алғыстарын жаудырып, қажырлы еңбектерін жоғары бағалады.

Қалыбек Ұзақбайұлы 1977 жылы 13 қарашада Жуалы ауданының Алексеевка ауылында дүниеге келген. 1996-1998 жылдары Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін түрлі жұмыстарды атқарып, 2007 жылдан бері азаматтық қорғаныс саласында еңбек етіп келеді.

Қалыбек Егенбердиев өрт сөндіру қызметінде көп жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Кейіпкеріміздің басшылығымен Жуалы ауданының қыста қар басып, боран соғатын ең қиын ауылдарында жұмыс атқарылады. Қыста құтқарушылар қар құрсауында қалған адамдарды құтқарып, жылыту пункттеріне немесе үйлеріне жеткізеді. Ал жаз айларында дала өрттерімен күресу өртсөндіруші құтқарушылардың басты міндеттерінің бірі. Қалыбек өз білімі мен тәжірибесін жастарға үлгі етіп, өрт сөндіру барысында қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісуден ешқашан жалыққан емес.

Кейіпкеріміз 2011 жылы отбасын құрып, бүгінде жұбайы Әсел екеуі Дархан, Ердос, Саят есімді үш ұл тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя болып отыр. Қалыбектің ендігі арманы – өз қызметін абыроймен аяқтап, бейнеттің зейнетін көру.

СЫН САҒАТТА СЫР БЕРМЕЙТІН СЫМБАТ

Тараз қалалық құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Сымбат Сахариев 1969 жылы 27 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Тассай ауылында дүниеге келген. Анасы Нұрғайша отбасында 7 баланы тәрбиелеп өсіреді. Сымбат Тассай ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң 1987-1989 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын өтейді.

2014 жылы Тараз политехникалық колледжіне түсіп, «Ғимарат пен үйлер салу» мамандығы бойынша білім алған. Сымбат – құтқару жасағында 25 жылдан астам қызмет атқарған тәжірибелі құтқарушы. Ол осы уақытқа дейін мыңдаған адамды апат аумағынан құтқарып, көптің алғысына бөленген жан. Ол әрдайым өзін спорттық формада ұстап, үнемі дене дайындығын арттырып отыратын білікті құтқарушы. Өйткені әлдекімді төтенше жағдай аумағынан құтқару үшін құтқарушының өзі мықты болуы шарт емес пе?!

2024 жыл қарлы боранмен басталды. Дәл осы жылы қаңтар айында Жуалы ауданының Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында жасөспірім баланың қызуы шамадан тыс көтеріліп, ауа райының қолайсыздығы салдарынан оны ауруханаға жеткізу үлкен қиындық туғызды. Осы жағдай бойынша көмек сұрап «112» телефон нөміріне хабарлама түседі. Қарапайым көлік құралдары қалың қар мен боран салдарынан жүре алмайтындықтан медицина қызметкерлері әлгі баланы аудан орталығындағы ауруханаға жеткізе алмай қиналады. Көп кешікпей «Трэкол» жол талғамайтын көлік құралын мінген құтқарушылар тобы Б.Момышұлы ауылындағы аудандық аурухана дәрігерін өздерімен бірге көлікке отырғызып, Тәттібай Дүйсебайұлы ауылына аттанады. Көзге түртсе көргісіз, ақтүтек боран салдарынан не жол, не маңайдағы аумақ көрінбесе де өзінің көп жылғы тәжірибесін пайдаланған Сымбат бастаған құтқарушылар тобы аталған шақырту орнына жетіп, қажетті ем-шара жасалған соң қайтадан кері бағытқа, яғни науқас баланы анасымен бірге Б.Момышұлы ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізеді. Сымбат мұнан өзге түрлі сипаттағы төтенше жағдайларға, атап айтқанда, су тасқындары мен жол-көлік оқиғаларынан туындаған апаттарға, жер сілкінісі кезінде қираған үйлерден адамдарды іздестіру құтқару жұмыстарына және тағы да басқа операцияларға белсенді қатысып келеді. Соның бірі – биылғы жылы қыста Талас және Сарысу аудандарында боран тұрып, бірнеше жеңіл көлік пен жүк көліктері қар құрсауында қалып қояды. Мұнда да Сымбат бастаған құтқарушылар адамдар мен техникаларды эвакуациялау жұмыстарын атқарып, халықтың алғысына бөленеді. Кейінгі өскелең ұрпаққа өзінің батыл мінезімен және тыңғылықты ісімен үлгі болып жүрген Сымбат Сахариевке сәттілік тілейміз.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА