Таластық шаруалардың тындырымды тірлігі
Талас ауданы егіншілік пен малшаруашылығы саласында оң нәтиже көрсетіп келеді. Соңғы жылдары бұл салада өнімділікті арттыру мен инновациялық технологияларды пайдалану бағытында бірқатар маңызды қадам жасалуда. Соның арқасында ауданның ауылшаруашылығы саласы айтарлықтай өсімге қол жеткізген.
Мәселен, осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аудан бойынша мал саны артқан. Атап айтқанда, ірі қара саны 30 355 болса, өткен жылмен салыстырғанда сиыр 130,9 пайызға көбейген. Уақ мал саны 388 937-ге жетіп, нәтиже 120,8 пайызды көрсеткен. Жылқы саны 15 803-ке өсіп, 126,1 пайызға артып отыр. Түйе саны 2 033 болып, тиісінше 101 пайызға жеткен. Үй құстарының саны 27 081-ді құрап отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерінің де көлемі арта түскен. Тірідей салмақтағы мал мен құс еті 8 785 тоннаға жетіп, 101 пайызды құраған. Сүт өндірісі 4 793,3 тоннаға дейін өсіп, 109,9 пайызға жеткен. Жұмыртқа өндірісі де 3 005,1 мың данаға теңессе, бұл ретте жұмыртқа өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 100,3 пайыздық көрсеткішке ие.
Осы жылдың 9 айында ауданның ауылшаруашылығына 391 миллион теңге инвестиция тартылып, облыстағы үлесі 2,9 пайызды құраған. Бұл саладағы серпін тек өндіріс көлемінде ғана емес, техникалық жабдықтауда да байқалуда. Сәуір айында Ақкөл ауылында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен ауылшаруашылығы техникасын сатып алу бағдарламаларын түсіндіру бойынша кездесу өтіпті. Оған Ақкөл, Ойық, Кеңес, Тамды және Қызыләуіт ауылдық округтерінің шаруа қожалық төрағалары қатысып, қаржы институттары арқылы жаңа техникаларды алу мүмкіндіктерімен танысқан. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша, салада қол жеткізілген осындай көрсеткіштер аудан экономикасына оң әсерін тигізген.
Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден жалпы көлемі 794,4 миллион теңгені құрайтын 124 жоба жинақталып, ауылшаруашылығы басқармасына ұсынылыпты. Оның ішінде ауылшаруашылығы бағытында 189,9 миллион теңгеге 28 жоба ұсынылған. Тарқатып айтсақ, аталған жобалардың қатарында 4 жылыжай, 3 биогумус, 4 құс фермасы, 4 балық өсіру, 2 сүт цехы, 2 эко чикен, 4 құрама жем цехы, 1 көкөніс қоймасы, 2 жүн өңдеу, және ұлттық сусын өндірісі мен қолдан ұрықтандыру жобасы бар екен. Ал кәсіпкерлік және өнеркәсіп бағытында 604,5 миллион теңгеге 96 жоба ұсынылған. Оның ішінде бір-бірден көлік жуу, жарнама агенттігі, спорт кешені, сауықтыру орталығы, дәнекерленген тор өндірісі, түзету-дамыту орталығы, балалар ойын-сауық орталығын жабдықтау, тіс емханасы, газ құю бекеті, сәндік ағаш көшеттерін өсіру, қолғап тоқу цехы, сұлулық салоны, 1 пластиктен жасалған ыдыс шығару, автокөлік бояу цехы, массаж орталығы ұсынылған. Сондай-ақ кәсіпкерлік бағыттағы жобалардың төртеуі кондитерлік цех, алтауы тігін цехы, екеуі сәндік плиткалар өндірісі, төртеуі шаштараз, екеуі пластикалық бөтелке өндірісі, тағы төртеуі пескоблок өндірісі болса, екеуі ағаш өңдеу цехы мен 8 дәнекерлеу цехы. Сонымен қатар 2 асхана, 2 жиһаз цехы, 4 тұшпара өндірісі, 4 пластик терезе өндірісі, 2 шеге шығару цехы, 2 дөңгелек жөндеу орталығы, 12 наубайхана, 7 техникалық жөндеу орталығы, 2 балмұздақ өндірісі, 7 саман-құм блоктары және тас төсеме өндірісі, 3 сусын өндірісі, 2 жұмыртқа лотогын шығару жобасы бар. Қазіргі уақытта Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден қаржыландыруға ұсынылған жоба құжаттары толық өткізіліпті. Оның ішінде 127,9 миллион теңгеге бағаланған 20 жоба мақұлданып, қаржыландыру күтілуде.
Аймақта егіс алқаптарын ылғалдандыру мәселесі де өзекті. Бостандық ауылдық округіндегі 285 гектардан астам егістік алқап жаздай тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерімен суарылып, алқапта су үнемдеу технологиялары сәтті қолданылған.
Ауданда қайта қалпына келтіру бойынша 14 каналға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған екен. Бүгінгі күнге 11 каналға жобалық-сметалық құжат сараптама қорытындысымен әзірленіпті. Жоба құны – 15 376,8 миллион теңге. Олардың жалпы ұзындығы 95,22 шақырым болса, осы арқылы 7 230 гектар алқап ылғалдандырылады.
Айта кету керек, Талас ауданында егіншаруашылығының дамуына үлес қосып отырған шаруашылықтың бірі – Бостандық ауылдық округінде орналасқан «Зерхат» шаруа қожалығы. Ержан Мейірбеков иелік етіп отырған шаруашылықтың құрылғанына небәрі 5 жыл болса да 270 гектарға егін егу арқылы 5 адамды тұрақты, 30 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы – 85 000 теңге. Осы жылы аталған шаруашылық 20 гектар бақша дақылдарын, 15 гектар пияз және 120 гектар қант қызылшасын еккен. Біз жоғарыда сөз еткен тамшылатып суару технологиясын осы шаруашылық қолдануда.
Қожалық 30 тонна аммиак селитрасы мен 5 тонна аммофос сатып алып, егіс алқаптарында пайдалануда. Сонымен қатар қазіргі уақытта 1 000 тонналық көкөніс сақтау қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде, бұл өнімнің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауылшаруашылық техникалары да жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Қожалықта 3 «МТЗ-89», 2 «МТЗ-82», «ЮТО 130» тракторы соқа-сайманымен, топырақ майдалағыш, картоп егетін, картоп қазатын, қопсытқыш, дәнсепкіш, жерді тегістейтін «мала» және тіркемелер мен тырмаға дейін бар. Аталған қожалық ауданның агроөнеркәсіптік кешенінде елеулі үлес қосып келеді.
Талас ауданы