Қоғам

Алғыс арқалаған дәрігер

Жүрек қалауымен таңдалған мамандық адамды абыройға кенелтіп, биікке көтереді. Ал білікті маман атану үшін өз саласын жетік білу аса маңызды. Бұл қасиеттердің барлығы Тараз қалалық көпбейінді аурухананың невропатолог дәрігері Закир Азизовке тән.

Өз ісіне жан-тәнімен берілген, жүрегі кең, жауапкершілігі мол Закир Гулалиұлы қалалық көпбейінді ауруханада екі жылдан бері еңбек етіп келеді. Оған дейін төрт жыл Түркияның Стамбул қаласында білімі мен тәжірибесін арттырған.

Қазіргі таңда тәжірибелі невропатолог мамандардың тапшылығына байланысты Закир Азизов аптасына екі рет кешкі уақытта №8 қалалық емханада қабылдау жүргізсе, қалған күндері көпбейінді ауруханада қызмет етеді.

Жалпы Азизовтар отбасын ақ желеңділер әулеті деуге әбден болады. Анасы Луиза Азизова – медбике, ағасы Вахит Азизов – травматолог, ал екінші бауыры Стамбулда кардиолог болып жұмыс істейді.

Дәрігердің айтуынша, қабылдауына психозға ұшыраған науқастар жиі келеді екен.

Кейбір адамдар әкесіне, анасына немесе бауырына деген өкпесін ашық айта алмай, жылдар бойы ішінде сақтап келеді. Дәрігердің сөзінше, мұндай жағымсыз эмоциялар мен ойлар ағзаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Санада сақталған жағымсыз әсерлер күн сайын күшейіп, адамның жүйке жүйесін бүлдіріп, ақыры психикалық күйзелістерге ұшыратуы мүмкін. Адамдардың ішкі жанайқайын тыңдап, жандүниесіндегі ауыртпалықтарды босата білуі – денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы.

Иә, бәріміз әлдекімге ашуланамыз, ренжиміз. Мұны табиғи құбылыс деп қабылдаймыз. Өкпе реніш, ашу-ыза – өтпелі бір сәттік құбылыс та болуы мүмкін. Бірақ сарыуайымға салынып, күйзеліске түсіп кетсеңіз, неврологиялық ауруларды қолдан жасап алатыныңызды ұмытпаңыз. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» – ең дұрыс шешім.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА