Жедел жәрдем қызметінің өзіне жәрдем керек
Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі 20 дербес стансадан, 98 қалалық қосалқы стансадан тұрады. Бұған қоса 232 аудандық бөлімшеде 1 486 көшпелі бригада жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ қалаларда – 904, ауылдарда – 582.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың 9 айының қорытындысында жедел медициналық жәрдем бригадаларын шақырту саны 4,4 пайызға артқан. Нәтижесінде жыл басынан бері тұрғындардың жедел жәрдем қызметін 6,3 миллион рет шақыртқаны белгілі болды. Ал былтырғы 9 айда 6,1 миллион шақырту тіркелген.
Жалпы стансаға соғылатын қоңыраулар 4 санатқа бөлінеді. Нақтылап айтар болсақ, бірінші санат бойынша көлік он минутта, екінші санатқа сәйкес он бес минутта, үшінші санат бойынша отыз минутта, төртінші санат бойынша бір сағат бедерінде жетуі тиіс. Бұл жерде кейде халық түсінбеушілік танытып жатады. Жоғарыда айтқанымыздай, төртінші санатқа сәйкес жедел жәрдем көлігі бір сағат шамасында жетсе, жұрт «жедел жәрдем бригадасы кешікті» деп айыптай жөнеледі. Шындығында, норматив бойынша бұл қалыпты жағдай болып есептеледі.
Есепті кезеңде бірінші жеделділік санатындағы шақыртулар үлесі 0,4 пайызға, екінші жеделділік санатында – 1,3, үшінші және төртінші жеделділік санатындағы шақыртулар үлесі 1,6 және 0,6 пайызға көбейген.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков Қазақстанда жедел медициналық көмек көрсету ережесі мен қағидаларын қайта қарап, өзгеріс енгізу қажет екенін алға тартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына тоқталып, отандық медицинаны жетілдіруде жекеменшік секторды тартуды тапсырған еді. Данабек Исабеков мұндай жүйелі жұмыстарды жедел жәрдем қызметінде де қолдану керек деп санайды.
Депутаттың айтуынша, бұл бірінші жағдай емес. Жедел жәрдем өз уақытында келетін болса, көптеген науқасты ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік туар еді. Бірақ ереженің осы нормалары көп жағдайда сақтала бермейді. Кейде жедел жәрдем қызметкерлерін 1 сағаттан астам уақыт бойы күтіп отыру керек.
Осыған орай депутат Денсаулық сақтау министрлігіне келесі шараларды қолға алуды ұсынды:
1. Жедел жәрдемнің пациентке жететін уақытын қайта қарап, әлем елдерінің тәжірибесін зерттеу.
2. Жедел жәрдем саласына жекеменшік секторды енгізіп, бәсекелестікті арттырып, сервистік қызмет саласын жетілдіру.
3. Жедел жәрдем бригадаларының жұмыстарына тексеру жүргізу және көліктерінің жағдайын анықтау, мамандардың біліктілігін қатаң бақылауға алу.
Осы ретте Ақмарал Шәріпбайқызы шетелдік тәжірибе де жан-жақты зерттелгенін атап өтті. Мысалы, Ұлыбританияда жету уақыты 7 минутты, АҚШ және Түркияда – 10 минутты, Норвегияда – 12 минутты, Қырғызстанда – 13 минутты, Өзбекстанда – 10 – 15 минутқа дейін, Нидерландта – 15 минутты, Ресейде 20 минутты құрайды екен.
Жуырда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде де жедел жәрдем стансаларын жарақтандыру мәселесі бойынша кеңес өтті. Жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етіп, денсаулық сақтау саласы мамандары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Басқосуды ашқан Асхат Аймағамбетов салада қордаланған мәселелер көп екенін атап өтті.
Осы орайда тақырып төңірегінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев аталған министрлік Қаржы министрлігіне қалалық және ауылдық мекемелерге арналған тозу нормаларын қарау үшін хат жолданғанын, ол бойынша қалалық жедел жәрдем көліктерінің тозу мерзімін 4 жыл, ал санитарлық автокөлікті 5 жыл деп есептеу ұсынылғанын айтты.
Осы саладағы тағы бір өзекті мәселе – ғимараттардың 80 пайызы, стансалар, қосалқы стансалар, аудандық жедел жәрдем бөлімшелері әбден ескірген.
Депутат тарапынан қордаланған проблемаларды шешу үшін жергілікті мәслихаттармен тығыз жұмыс істеу, әрбір өңірде көшпелі отырыстар өткізу, кадр тапшылығы, бригадалар жеткіліксіздігі, тариф мәселелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне өз ұстанымын қалыптастыру керектігі туралы нақты ұсыныстар айтылды.
Асхат Аймағамбетов жиында көтерілген мәселенің барлығы депутаттардың назарында болатынын айтты.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА