Жемқорлық жақсылыққа жетелемейді
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруда. Мәселен, 2023-2024 жылдары агенттік бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланып, жемқорлыққа жол берген 24 балабақша меңгерушісін анықтады.
Мұндай жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында антикор әкімдіктермен бірге мектепке дейінгі мекемелерде жемқорлық факторларын жоюға бағытталған ақпараттық жүйелерді енгізу жобаларын іске асыруда. Мысалы, Алматы және Қызылорда облыстарында балалардың қатысуын есепке алу процестерін автоматтандыру мақсатында жан басына шаққандағы қаржыландыруды бақылайтын электрондық табельдер, биометриялық сәйкестендіру және QR код технологиялары пайдаланылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалған балабақшалар құрудың алдын алып, мектепке дейінгі мекемелерде іс жүзінде қатыспаған балаларды тіркеуден шығару арқылы шамамен 3,8 миллиард теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік туды.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларындағы мектепке дейінгі мекемелерде ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асыруда. Бұл жүйелер жемқорлықты болдырмаумен қатар, білім беру саласындағы қаржылық ашықтықты қамтамасыз етеді.
Мұнан бөлек антикор жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар жобаны да жүзеге асыруда. Мәселен, 2024 жылдың 17-18 қазанында Абай облысы, Семей қаласында өткен «Абай сөзі – әділдік темірқазығы» атты республикалық зияткерлік ойындар ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 жылдығына орай өткізіліп, оған әртүрлі аймақтан келген жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінен құралған 9 өңірлік топ қатысты.
Байқау қорытындысымен жүлделі І орынға Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттері ие болса, ІІ орын Павлодар облысының Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық институтының студенттеріне, ІІІ орын Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттеріне бұйырды.
Барлық қатысушыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абай облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Рүстем Рақышев және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев құттықтады. Олар жастарды әділдікке және ұлттық құндылықтарға адал болуға шақырып, Абайдың рухани мұрасы бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.
Жеңімпаз атанған Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттерін ректор Махметғали Сарыбеков жеке қабылдап, үлкен жеңістерімен құттықтады. Ректор студенттерге осындай іс-шаралардың маңыздылығын түсіндіріп, оларға алдағы уақытта табыс пен сәттілік тіледі.
Айжан ӨЗБЕКОВА