Қоғам

Цифрландыру бойынша ынтымақтастық нығаймақ

Ұлан-Батырда Қазақстан-Моңғолия Іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті.

Іс-шара бірлескен жұмыстың басым бағыттарын талқылау үшін екі елдің бизнесі мен мемлекеттік құрылымдарының негізгі өкілдерін жинады.

Маңызды басқосуда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев инновациялық экожүйені құруды, стартап-жобаларды дамытуды, цифрлық үкіметті (GovTech) енгізуді және аэроғарыш саласындағы жобаларды қоса алғанда цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылдың негізгі векторларын атап өтті.

Сонымен қатар Жаслан Хасенұлы «Astana Hub» халықаралық технопаркін дамыту бойынша өз тәжірибесін ұсынды. «Astana Hub» жұмыс істеген жылдары 1500-ден астам резидентті, оның ішінде 436 шетелдік компанияны тартты. Сондай-ақ жаһандық нарықтарда Орталық Еуразиядан стартаптарды қолдауға бағытталған шетелдерде IT-хабтар құрудың табысты тәжірибесі ұсынылды. Мысалы, Моңғолия нарығына 6 мыңнан аса скутер ұсынған қазақстандық «Jet» электр скутерлерін жалға беру стартапы сәтті шыққанын атап өтуге болады. Ал моңғол стартаптары «Astana Hub» акселерациялық бағдарламаларына белсенді қатысады. Бағдарламаға қатысу стартаптарға халықаралық тәжірибеге және жетекші сарапшылардың қолдауына қол жеткізуге ықпал етеді. Бұл олардың одан әрі дамуы мен жаһандық нарықтарға шығуы үшін маңызды қадам.

Ынтымақтастықтың маңызды элементі «eGov» қазақстандық электрондық үкімет жүйесінің экспортын талқылау болды. Бұл жоба Моңғолияға Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Іскерлік кеңестің бірінші отырысы тұрақты дамуға және қазіргі заманғы сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге бағытталған стратегиялық әріптестіктің берік негізін қалады.

Сонымен қатар Жаслан Мәдиев Моңғолияның цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрі Цэндийн Баатархуу мырзамен кездесті. Кездесуде тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде инновациялық экожүйені дамыту, стартаптарға қолдау көрсету, цифрлық үкіметті (GovTech) дамыту және аэроғарыш саласындағы келешек мүмкіндіктерді талқылады. Ж.Мәдиев серіктестікті нығайту цифрландыруды дамытуға және елдер арасында озық технологиялармен алмасуға септігін тигізетінін жеткізді.

Бұдан кейін министр мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдету үшін 2020 жылы іске қосылған «e-Mongolia» платформасымен танысты. Платформа Моңғолия халқының 85 пайызын қамтиды.

Сондай-ақ Ж.Мәдиев Моңғолияның «ICT Group» сияқты ірі IT саласының көшбасшыларымен кездесті. «ICT Group» Моңғолия халқының 91 пайыздан астамын қамтып, жасанды интеллект, блокчейн және моңғол тіліне арналған тілдік модельдер әзірлеу салаларында жаңа инновациялар енгізуде.

Келесі кезекте министр Моңғолия стартаптарын халықаралық нарыққа шығаруға жағдай жасайтын жұмыс орындарын ұсыну, кәсіби сертификаттау және цифрлық дағдыларды дамыту арқылы қолдау көрсететін Ұлттық ақпараттық технологиялар паркіне (IT Park) барды.

Сонымен қатар Моңғолияда Жерді қашықтықтан зондтау жүйесін құру және дамытуға бағытталған тарихи инвестициялық келісімге қол қойылды. Бұл жоба Моңғолия үшін спутник құруды көздейді, ол жалпы қазақстандық-моңғолиялық спутниктік топтаманың құрамына кіреді.

Әр тараптың спутниктерді дербес басқаруы Қазақстан мен Моңғолияға табиғи ресурстарды мониторингілеу және ауылшаруашылығын дамыту үшін қажетті деректерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Қашықтықтан зондтау технологиялары екі елге де жердің жағдайын тиімдірек бақылауға, су ресурстарын басқаруға және қоршаған ортадағы өзгерістерді талдауға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Моңғолия өздерінің техникалық құзыреттерін біріктіре отырып, экономиканың өзекті мәселелерін шешуге және тұрақты дамуды қолдауға бағытталған құралдар әзірлейді.

Жоба Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығы базасында Моңғолия инженерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Мұндай өзара әрекеттестік Моңғолия инженерлерінің біліктілігін арттырып, екі ел арасындағы ғылыми және техникалық ынтымақтастықты тереңдетеді. Бұл жоба Қазақстан мен Моңғолияның озық технологияларды дамытуға деген ұмтылысын білдіріп, ғарыш саласы мен табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануда серіктестікке жаңа перспективалар ашады.

Айжан ӨЗБЕКОВА