Тағылымға толы телеарна
Тарихымыздың шежірелі беттеріне, өткеніміз бен жүрген жолымызға, асу-белестерімізге салмақты санамен қарайтын, парасатпен парақтайтын айтулы кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – Жамбыл облыстық телеарнасының құрылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Бұл жылдар ішінде телеарна үздіксіз дамып, көрермендерін көзайым хабарларымен сүйсінтіп келеді. Оның іргетасын қалап, аяғынан тік тұруына атсалысқан алдыңғы буын ағаларды ізбасар іні-қарындастарымыз алмастырып, өзіндік қолтаңбасы мен айшықты іздерін қалдырып келе жатқандары қуантады.
Әулиеата өңіріндегі бұл елеулі оқиғаны жұртшылық қуана қабылдады. Жамбыл телеарнасының дүниеге келуі – облыс тарихындағы жарқын беттердің бірі болғандығы сөзсіз. Осынау ақпарат құралының қалың көрермендерімен жүздесуіне сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, КСРО депутаты С.Байжановтың ықпалы зор болды. Ол сайлаушылармен кездесу барысында «жергілікті телеарна жақын арада іске қосылады» деп айтқан болатын. Расында да «JAMBYL» телеарнасы 5-6 айдың ішінде іске қосылып, өз көрермендерімен қауышты.
Жаңа ұжымның толыққанды жұмыс істеуі кадрларға байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Негізгі шығармашылық қызметкерлер жергілікті жерден алынды. Сондай ақ Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан Дүйсен Мәмбеталин, Искра Қазиева, Юрий Мирошниченко сияқты тәжірибелі тележурналистер шақыртылды. Сала мамандарының жетіспеушілігіне байланысты телеоператорлар, дыбыс жазушылар, режиссерлер, тағы басқа техникалық қызметкерлерді түгелдей сырттан шақыруға тура келді.
1989 жылдың 1 қарашасында өз жұмысын бастаған телеарна алты күннен кейін орталық алаңдағы мерекелік шеруден тікелей хабар жүргізді. Ол жазылып алынып, кейін көрермен назарына қайталап ұсынылды. Алғашқы кездері тележурналистер эфирге аптасына бір-екі, кейде үш рет шығып тұрды. Хабарлардың ұзақтығы 15-20 минуттан аспайтын. Себебі одан әрі ұзартуға мүмкіншілік болмады. КСРО телевизия және радиохабар тарату жөніндегі мемлекеттік комитет облыстық телехабарларға 40-45 минут уақыт беріп, соған ғана қаржы бөліп отырды. Облыстық телевизия және радиохабар тарату жөніндегі комитеттің төрағасы болып Әбжан Жақсыбеков тағайындалды.
1991 жылдың басында белгілі жазушы-журналист Елен Әлімжанов телеарна басшылығына келді. Ол кісінің келуімен үлкен шығармашылық және техникалық өзгерістер жасалып, тың дүниелер эфирге шықты. Бас инженер Илья Пак бастаған, Бейсенбай Бажалақов, Қаржаубай Сыдықназаров, Александр Сазонов, Ербол Нәметқұлов, Асқар Ботабеков сияқты жаңа толқын мамандар талай толайым тірліктің үлгісін көрсетті. Радиода қызмет атқарған тәжірибелі журналистер Есенгелді Төреқұлов, Сапарғали Әлібаев, Болат Бекжан, Дина Мұхаринова, Алма Оразбаева, Шәмсат Сәменов, Мұхан Әбілқайыров телеарнаға ауыстырылды.
Қазақ елі тарихындағы күрделі кезеңдер телеарна назарынан тыс қалмады. Әйгілі Желтоқсан көтерілісі туралы, сондай-ақ кеңестік солақай саясаттың кесапатынан жазықсыз тұтқындалған мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың соты жайында талантты журналист Серік Абас-Шах хабарлар сериясын үлкен әрі қажырлы еңбекпен жасап шығарды. Жүректі жылатқан Желтоқсан трагедиясы туралы жеті сериядан тұратын деректі фильм алғаш рет «JAMBYL» телеарнасында көрсетілді. Хабардың редакторы Серік Абас-Шах республикалық жастар сыйлығының лауреаты атанды.
Телевидениеге ерекше леп әкелген танымал журналист, белгілі жазушы Мұса Рахманбердиев болатын. Басшылыққа келген ол ұжымның шығармашылық деңгейін мейлінше биік көтеріп, тынысын кеңейтті. Жаңа леп әкеліп қана қоймай, құбылыс жасады. Эфирдегі тартымсыз хабарларды тоқтатып, олардың орнына ел жүрегіне етене жақын жарқын дүниелерді өмірге әкелді. «Телефон-шоу» атты ток-шоу Нәзиля Дәуірбаева, Наимбек Багбанов, Ахат Мадалиев сынды телеарна майталмандарының жобасы бойынша дайындалып, көрермендер ықыласына бөленді. «Нұрсұлтан көке, оқығым келеді» және «Робинзон из гор Каратау» атты алғашқы қысқаметражды деректі фильмдер жұртты елең еткізді. Бұл фильм жергілікті билік тізгінін ұстағандардың дегбірін қашырды. Мектептен шеттеп қалған баланың тағдыры тез арада оңалып, жағдайы түзеліп, ел қатарына қосылып, оқуын жалғастырады. Осылайша билік өкілдерін телеарнамен санасуға мәжбүр етті.
Мұса Рахманбердиевтен кейін Әлмұхан Исақ телеарна басшылығына тағайындалды. Ол басқарған жылдары ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен мән берілді. Тарихымыздың қатпарлы беттерін ашып, оны насихаттау бағытында талай тартымды дүниелер көрерменге ұсынылды. Ол ағамыз дарынды жастарға қамқорлық жасады. Шығармашылық ізденістеріне бағыт-бағдар беріп отырды. Ұжымға Нұрғали Әшіров, Сәлім Ғалиев, Тимур Сейілханов, Елена Молчанова сияқты жаңа толқын жастар келіп қосылды. Ал Бақытжан Советұлы «Тіршілік» хабарымен аты шықты.
2003 жылы Бекет Момынқұлов филиал тізгінін қолына алды. Бұл жылдары шығармашылық ізденіспен еңбек етуге тың талпыныстар жасалды. Ұжымды жаңа белеске көтеру үшін журналистердің жаңа толқынын қалыптастыруға мән берілді. Жаңа бағдарламалардың тұсауы кесілді. Тәуліктік эфирдің уақыты 14 сағатқа дейін ұзартылды. Жұмысқа жаңадан Алпамыс Қазыбаев, Дүйсен Дәуренов, Гүлбаршын Құланбаева, Аягөз Құлманбет, Әзиза Ешметова, Алмат Смайылов, Маржан Қанатова, Алмас Садубаев, Эльвира Әмзеева, Ғазиза Рүстемова, Біржан Сөктай, Эльмира Мырза-Ғали сияқты жастар келіп қосылды.
Режиссерлер Галина Ботабекова, Гүлнар Тілешова, Данияр Сайлаубеков, Майра Әбдіқұлова, монтажерлер Мақсат Салықов, Әйгерім Түсіпбекова, Бақыт Байқұлақова, Дана Смаилова, Нұргүл Есахаева, Ғалия Кенжебаева, Руслан Құлбаев, Марғұлан Амалов, шығарушы редактор Әзиза Әбішова, дыбыс режиссерлері Нұрбибі Қожанова, Асқар Тұрсынбаев, телеоператорлар Ермек Асаубаев, Ермек Оразбақов, Дәулет Жаманқұлов, Рүстем Кітапов, Бақтияр Рзаев, Серік Қоңырбаев, Жандос Битабаровтар эфирге көркем дүниелер шығаруға барынша атсалысты. Аты аталған азаматтар жарқын қолтаңбасымен қалатындарын айта кеткен орынды.
Кейінгі жылдары бұл ұжымға Әлібек Татанов, Қалыбек Атжан, Аязби Бейсенқұлов, Мейрамбек Төлепберген, Жасұлан Әбдіманапов, Мейіржан Әлібекұлы басшылық етті. Филиал жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеру бағытында тындырымды тірліктер атқарды. Жаңа жобалар мен бағдарламалар көрермен жүрегіне жол тапты. Шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде филиалдар арасында «JAMBYL» телеарнасы алдыңғылар қатарынан көрінді.
Журналистиканың қара қазанында қайнаған Гүлбаршын Құланбаева бүгінде филиал басшысы. Бір кездері журналист деген қастерлі мамандықтың жалына жармасып, шыңдалып, осы өнерді қапысыз бағындырып, ел-жұртының көз алдында облыстың айнасына айналған телеарнаны ұршықша иіріп отырған жайы бар. Уыздай ұйыған ұжымның беталысы айқын, шығармашылық жолдағы қадамдары бекем екендігін айта кеткен орынды болмақ. Ақпарат кеңістігінде өз бағдарынан айнымай, көрермен жүрегін жаулап алудың қарекетімен қажымай-талмай тер төгіп келеді.
Осы жолдардың авторы аталмыш телеарнаның басшылығында болып, азды-көпті қызмет атқарғанымды, оның дамуына үлес қосқанымды, біршама шәкірт тәрбиелегенімді құрметпен еске аламын. Кешегі шәкіртімнің, бүгінгі басшының аяқ алысын көріп қуанамын. Жұртқа жағар жарқын істерінің жалғаса береріне сенімдімін.
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі