Мәдениет

«АЛТЫНСАРИН АЛАУЫ» – ЫБЫРАЙТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС

«АЛТЫНСАРИН АЛАУЫ» – ЫБЫРАЙТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС

Биыл Ыбырай Алтынсариннің туғанына – 180 жыл. Осынау мерейлі мереке қарсаңында жазушы Нұрдәулет Ақыштың қазақтың ұлы тұлғасы туралы «Алтынсарин алауы» атты кітабы жарық көрді. Төрт бөлімнен тұратын тарихи роман Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шығып отыр. Бұл көлемді шығарманың сюжеттік желісі өмірде болған оқиғалар негізінде өрбиді. Сондықтан да көркем туынды ғана емес, танымдық-деректік жағынан да оқырманның назарын аударатыны даусыз. Роман Ы.Алтынсарин туралы жазылған бұрынғы көркем шығармаларды қайталамай, тың мағлұмат ұсынуымен ерекше.

Автордың айтуынша, осы романды жазу барысында деректер мен фактілерді жинастыруға қол ұшын берген қазақтың белгілі ақыны, Қостанай өңірлік университетінің профессоры, қазіргі таңда республикамыздағы жетекші ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлының, Қостанай және Арқалық қалаларындағы Ы.Алтынсарин мұражайлары қызметкерлерінің, Ыбырай Алтынсарыин атындағы Арқалық педагогикалық институты оқытушыларының айрықша көмегі тиген. Баршамызға белгілі, бұған дейін де Ыбырай Алтынсарин туралы бірнеше көркем шығармалар жазылған болатын. Олардың ішінде Ғафу Қайырбековтің «Дала қоңырауы» поэмасы, Жайсаңбек Молдағалиевтың «Алғашқы қоңырау» повесі, Морис Симашконың «Колокол» романы оқырман арасына кеңірек тараған және бәрімізге жақсы таныс дүниелер. Оқырман назарына ұсынылып отырған «Алтынсарин алауы» осылардың ешқайсысына да ұқсамайды. Жаңа айтқанымыздай, ең алдымен хронологиялық тәртіппен Ыбырайдың саналы ғұмыр жолын қамтуға бағытталған және автор барлық сәттерді суреттей бермей ұлы тұлғаның өміріндегі маңызды-ау деген кезеңдеріне ғана тоқталған. Мысалы, ағартушының үйлену тойы я болмаса көші-қон сәттеріндегі эпизодтары айтылмайды. Өйткені автор өмірбаяндық деректердің бәрін тізіп жаза беруді қажет деп таппаған сыңайлы. Көркемдік іріктеу деген осы болса керек. Кейбір тарихи романдардың мазмұны өмірлік шындықтан алыстап кетіп жатады. Бұл туындыда олай емес. Шығарманы оқып отырып, бұрынғы осы тақырыптағы туындыларда кездеспейтін немесе айтылмаған көптеген әңгімелердің қамтылғанын байқайсыз. Мысалы, алғашқы ұстаздың жастық шағы туралы ешкім көркем шығарма жаза қойған жоқ. Ол балалық, бозбалалық кездерді қалай өткізді, қандай ой-арманы болды, ол жағы көркем шығармалардың өзегіне айналмағаны белгілі. Автор осы жағынан келе отырып, алғашқы ұстаздың мектеп ашу жолындағы қиындықтары мен бастан өткізген кедергілерін қызықты етіп баяндай біліпті. Романның ерекше бір тұсы автор құлағымызға сіңісті болған Ыбырай деген есімді емес, «Ыбырайым» деп жазады. Қарап отырсақ онысы дұрыс та. Өйткені «Ыбырайым» – ұлы тұлғаның азан шақырып қойған есімі. «Ыбырай» деп маңайында жүрген кісілер еркелете сөйлеген. Сонымен бірге атасы мен анасының туыстарының «Ыбыш» деп еркелететінін де автор орынды көрсеткен екен. Келесі бір мәселе – бұрынғы шығармаларда айтылмаған Ыбырайымның махаббаты және жар таңдаудағы көзқарастары. Бұл да бір тәлімді, тағылымды болуға лайықты сюжеттік желілер екендігі сөзсіз. Мектеп ашудағы қиындықтардың өте көп болғаны да романда нақты ситуациялар арқылы көрсетіліпті. Бір жағынан жабайы деп санаған «киргиздардың» арасында мектеп ашуды империалистік пиғылдағы орыс ұлықтарының көпшілігі қаламаса, екінші жағынан қазақтың бас көтерерлері «Бұл орысқа шоқыну, кәпірдің бауырына кіру» деп бағалағаны жекелеген тартыстар арқылы да көркем суреттелген. Ыбырайымның екі оттың ортасында жүріп, жанкештілік көрсетуі, алған мақсатынан айнымай, қандай жағдайда да алға ұмтылуы оқырманын еріксіз тебірентеді. Денсаулығының әлсірей бастағанына қарамастан. Үнемі сапарда жүруі, өз басының қамы үшін емес, бүкіл халқы үшін күрескерлік танытуы бас қаһарманның азаматтық және тарихи тұлғасын биіктете түседі. Келесі бір бұрынғы шығармаларда айтылмаған назар аударатын нәрсе – Ыбырайымның Қазан және Петербург қалаларына жасаған сапарлары. Бұл жағын да автор жете зерттеп, мүмкіндігінше шындыққа жақындата суреттеген, тартысқа толы оқиғаларды көз алдымызға қызықты етіп әкеледі. Романның әр жерінен көрініп отыратын тартымды жері – Ыбырайымның адами тұлғасы. Оның азаматтық, оқымыстылық қырлары өз алдына, ең алдымен романда ол халқын сүйген азамат, сол үшін жар құлағы жастыққа тимей, еңіреп жүрген ер ретінде көрінген. Сонымен бірге келесі назар аударатын тұсы – шығармадағы жекелеген атауларды заттардың аттары мен терминологиялық сөздерді автордың уақыт шындығына сай іріктеп қолдана білгені. Қазақша баламасы бола тұра «учитель», «экзамен», «школа» секілді кейбір орысша сөздер сол қалпы қолданылып отырыпты. Осындай сөздердің біртіндеп қазақылануына Ыбырайымның қосқан үлесі де атап көрсетілген. Романда бас қаһарманның өзінен басқа белгілі есімдер аталады. Олар, әрине, Ыбырайымға кезінде қол ұшын берген орыс оқымыстылары Ильминский, Григорьев, татар оқымыстысы Файызханов, тікелей бастығы болған Катаринский және Торғай облысының губернаторлары. Одан басқа да тарихта болған бірсыпыра адамдардың аты-жөндерін кездестіріп, шығарманың тарихи шындыққа жақындай түскенін аңғара аласыздар. Бір ауыз сөзбен түйіндей айтқанда, қазақтың ұлы тұлғасы туралы тағы бір шығарма жарқырап ортамызға келіп жатыр. Оқырмандар, әсіресе ізденімпаз кітапсүйер қауым бұл шығарманы дұрыс қабылдап, ұлы тұлғаның өміріне дендей енеді деген сенімдеміз. Бұрын-соңды дәл осы сипатта жазылмаған, мазмұны жаңа роман деп бағалауға лайық. Ұлт ұстазының қайта тірілген бейнесі құтты болсын, құрметті оқырман!