Жамбыл жаңалықтары

Кәсіподақ – халық қызметшісі

Биыл құрылғанына 100 жыл толған Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының бастамасымен сәрсенбі күні Тараз қаласында «Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының жарғылық міндеттерді жүзеге асыру қызметінің тәжірибесі туралы» республикалық семинар-кеңес өтті.

Семинардың ашылу салтанатында Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев сөз сөйлеп, іс-шараның мән-маңызына тоқталды.

Семинардың негізгі бөлігінде «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.

Сонымен қатар жиында кәсіподақтың құқықтық қызметі мен әлеуметтік әріптестікті жүзеге асыру тәжірибесі туралы құқықтық қызмет басшысы Ә.Жолшыбекова, кәсіподақтық қаржылық қызметі мен саясатын жүзеге асыру жағдайы туралы бақылау-тексеру комиссиясының мүшесі А.Құрмашева, кәсіподақ филиалдарының жарғылық мақсат-міндеттерді жүзеге асыру қызметі туралы кәсіподақтың Т.Рысқұлов аудандық комитетінің төрағасы А.Баймұратова баяндама жасады. Кәсіподақ ұйымдарының іргетасы саналатын бастауыш ұйымдардың жұмыс тәжірибесімен Тараз қаласындағы №17 балабақшаның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы В.Василевская бөлісті.

Іс-шарада кәсіподақтың ақпараттық және оқу-әдістемелік саясатының негізгі бағыттары мен міндеттері, көрсеткіштері туралы «Еңбекші» салалық газетінің бас редакторы Б.Бекназаров ақпарат берсе, «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС директоры Ж.Қойбағаров кәсіподақтық туризм, сала өкілдерін сауықтыру тәжірибесімен бөлісті.

Мұнан бөлек Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдығына арналған «Ғасыр жасаған ұйым» облыстық мақалалар байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА