Ауылдың дамуы – ел дамуы
Облыста алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы өтті. Мемлекет пен қоғам алдында тұрған, ауыл тұрғындарын алаңдатқан өткір мәселелерді ашық талқылау және шешу жолдарын қарастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны «AMANAT» партиясы облыстық филиалы ұйымдастырды.
Форумға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, басқарма басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Іс-шараның ашылуында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сөз сөйлеп, форумның мақсаттары мен міндеттеріне кеңірек тоқталды.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек елді мекендерді дамытуды көздеген жоспарлармен де бөлісті.
Форум барысында қатысушылар ауылдық аймақтарды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, жұмыссыздық деңгейін төмендету, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мәселелерді көтерді. Әрбір ұсыныс назарға алынып, бірқатар нақты шешім қабылданды.
Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық округтер мен аудан әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі бастамасы жергілікті жерлерде демократияны нығайтуға бағытталған.
Басқосуда облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Руслан Шариповтың, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің, Қордай ауданы, Қарасай ауылдық округінің әкімі К.Елемесованың баяндамасы тыңдалды.
Айжан ӨЗБЕКОВА