Жамбыл жаңалықтары

Экологиялық акция жалғасуда

Көктемде басталып, 800 мыңнан астам облыс тұрғыны қатысқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы күзгі тазалық айлығымен жалғасуда.

Кеше Тараз қаласында «Күзгі тазалық» эко-акциясы шеңберінде «Сәби қоры» атындағы саябақ қоқыстардан тазартылса, өңір жастары Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты абаттандыру жұмысына белсене қатысты.

Акция аясындағы тазалық жұмыстары облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылып, саябақтар мен скверлердің, көпқабатты тұрғын үйлердің маңы, демалушылар көп жиналатын орындарда көгалдандыру, санитариялық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар Байзақ, Жамбыл және Талас аудандарында облыстық төтенше жағдайлар департаменті және «ҚазТрансАймақ» мекемесінің өкілдері тұрғындар арасында профилактикалық шаралар өткізді.

Ал Жуалы ауданында мектеп оқушыларымен «Таза Қазақстан – таза әлем» атты семинар, Қордай ауданында «Таза Қазақстан» атауымен «Береке» колледжінің студенттерімен, Меркі ауданында тұрғындармен, Шу ауданында №10 колледждің студенттерімен кездесу өтті.

Сондай-ақ Мойынқұм ауданының жастарымен «Тазалық өзіңнен басталады» челленджі ұйымдастырылып, Жаңатас қаласында «Даңқ» монументінің айналасы, Т.Рысқұлов ауданында адамдар көп жүретін «Ардагерлер» саябағы күл қоқыстан тазартылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі