Жамбыл жаңалықтары

«Korcem» зауыты клинкер өндіруге кірісті

Қордай ауданында цемент өндіретін ірі кәсіпорынның клинкер өндіру желісі өз жұмысын бастады. Бұл Орталық Азиядағы ең заманауи және қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей жобалардың бірі.

Өндіріс ошағын іске қосу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Korcem» зауытының басшылық құрамы мен қызметкерлері, құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын айрықша атап өтті.

Айта кетейік, кәсіпорынның құрылысын сингапурлық «Alacem» компаниясы жүргізді. Жобаға 50 миллиард теңге инвестиция салынған.

Өндіріс ошағының жылына 1,5 миллион тонна цемент шығаруға қауқары бар. Бүгінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылып отыр. Алдағы уақытта жұмыс күші екі есеге дейін артады деп күтілуде.

«Korcem» цемент зауыты келесі жылы толық қуатына шығады деп жоспарлануда. Өндірістік желіде тәулігіне 3 500 тонна клинкер (құрамында 90 пайыз цемент бар шикізат) әзірленеді.

«International Cement Group» ЖШС-ның басқарушы директоры Бенджамин Ченгтің айтуынша, аталған жобаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді.

Айта кетейік, облыстың инвестициялық қоржынында 3,4 триллион теңгені құрайтын 80 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 4,1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

2024 жылы 214 миллиард теңгеге 1 453 жұмыс орнын құра отырып, 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде құны 146,7 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 674 азамат жұмыспен қамтылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі