Стоп-кредит қызметі іске қосылды
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтарға Стоп-кредит (банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту) қызметін қосу мүмкіндігі туралы еске салады. Енді Стоп-кредит қызметі «eGov mobile» мобильді қосымшасында және «Электрондық үкімет» веб-порталының басты бетінде қолжетімді.
Стоп-кредит қызметі азаматтардың қаржылық жауапкершілігін арттырып, несиелік жүктемелерді басқаруға көмектеседі. Мұндай шаралар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың борыштық жүктемесін жеңілдетуге және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Министрлік киберқауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын еске салады.
Азаматтар бірқатар ұсынысты орындау арқылы өздерінің деректерін қорғауға көмектесе алады. Атап айтқанда, әртүрлі аккаунттар үшін күрделі және бірегей парольдерді пайдалану, құрылғылардағы бағдарламалық қамтамасыз етуді үнемі жаңартып отыру, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ашпау, антивирус бағдарламаларын пайдалану, жеке ақпаратты бөгде сайттарға және қосымшаларға бермеу, аккаунттар үшін екі факторлы аутентификацияны пайдалану, әлеуметтік желілердегі құпиялылық параметрлерін тексеру, 1414 тен келген кодтарды үшінші тұлғаларға ұсынбау, банктік реквизиттерді үшінші тұлғаларға хабарламау сияқты ескертулерді естен шығармау керек.
Осы нұсқауларды орындау деректеріңізді қорғауға және қаржылық тәуекелдерді болдырмауға көмектеседі.
Бұл қызмет Қазақстанның қаржылық нарығында жаңалық болып саналады және азаматтардың құқығын қорғауға, олардың қаржылық жағдайын тұрақтандыруға ықпал етеді. Стоп-кредит қызметі арқылы азаматтар қаржылық сауаттылығын арттырып, өздерінің мүдделерін қорғауға мүмкіндік алады.
Айжан ӨЗБЕКОВА