Цифрлық Қазақстан

Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасы құрылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқитын ұлт қалыптастыру жолында бірқатар бастама көтеріп, маңызды мәселені тікелей назарында ұстап отырғанына бәріміз куәміз. Мәселен, биылғы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылып, миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», – деп, барша халықты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Мемлекет басшысы: «Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», деді.

Еске салсақ, әлемдегі көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Қазақстанда да жуырда Ұлттық кітап күні жаңа мереке ретінде енгізілді. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес 23 сәуірді Үкімет қаулысымен атаулы дата ретінде бекітті.

Жалпы елімізде кітап оқыту мен кітапхана жүйесіне қатысты атқарылып жатқан ілкімді істер көп. Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі «Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру» іс-шаралар жоспары бойынша бекітілген жол картасы аясында ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын айта кету керек. Бүгінде жол картасына сәйкес еліміздің сирек қорларының саны мен мазмұнын анықтау, сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кітапхана, музей, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда сақталған құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардың бірыңғай реестрі құрылды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бұйрығымен арнайы құрылған жұмыс тобы осы бағытта қолға алынған жұмыстарды жүргізуде. Топ құрамына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҒЖБМ Ғылым комитеті, Философия, саясаттану және дінтану институты, Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық архив мамандары енген.

Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әлидің айтуынша, жол картасы аясында тарихи-мәдени құжаттар мен қолжазбаларды зерттеу, ғылыми баға беру мақсатында ғалымдар мен кодиколог мамандардан сарапшылар тобы құрылған.

Жол картасының «Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру» атты тармағында көрсетілген Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құруға арналған бюджеттік өтінім бойынша Ұлттық академиялық кітапханамен жұмыстар жүргізіліпті. Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы аясында жүзеге асыру көзделгендіктен 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру аясында Бірыңғай автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесін модернизациялауға қосымша бюджеттік өтінім берілген.

Бюджеттік өтінім қолдау тапса, алдағы жылдары жоспарланған жұмыстар жүргізілетін болады. Электрондық каталогтың цифрлық нұсқасы 2025 жылы дайындалады деп күтілуде.

Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, жұмыс тобы 2026 жылға дейін жоспарланған жол картасы бойынша нақты бағыттарда еңбек етуде.

Іс-шаралар жоспары бойынша 2024-2026 жылдар аралығында БАҚ-қа ақпараттар беріліп, имидждік жұмыстар жүргізіле береді. Түркі мемлекеттерінің мұрасына қатысты құжаттар Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасы толық дайын болғанша Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасында орналастырылады. Бүгінде 550 құжат салынған.

Осылайша Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру аясындағы жұмыстар жан жақты қолға алынып, мәдени мұрамызды сақтау мен дамытуға бағытталған іс-шаралар жалғасуда.

Айжан ӨЗБЕКОВА