Жасанды интеллект мамандарды алмастыра ала ма?
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы маңызды көптеген сұрақ туындатып отыр. Әсіресе «Жасанды интеллект мамандарды алмастыра ала ма?» деген сұрақ бүгінде күн тәртібінен түспей, әлем ғалымдары тарапынан қызу талқылануда.
Жасанды интеллекттің негізгі артықшылығы – үлкен көлемдегі деректерді талдау және сол арқылы шешім қабылдау жылдамдығы. ЖИ-дің белгілі бір алгоритмдер мен үлкен мәліметтер жиынтығына негізделген шешім қабылдау қабілеті кейбір мамандықтарды алмастыруы мүмкін деген ой туғызады. Мысалы, қаржылық талдау, заңгерлік қызметтердегі құжаттарды өңдеу, логистикадағы оптимизация, медициналық диагностиканың кейбір түрлері ЖИ көмегімен тиімді орындалуда.
Алайда ЖИ әзірге толықтай адамдардың орнын баса алатын деңгейге жеткен жоқ.
Себебі, біріншіден – эмоция және интуиция жетіспеушілігі. ЖИ күрделі мәселелерді шешуде өте тиімді болғанымен адамзатқа тән эмоциялар мен интуицияны сезінбейді. Бұл әсіресе психология, өнер және білім беру салаларында айқын байқалады. Мұғалімдер мен дәрігерлердің науқаспен, студентпен қарым-қатынасы тек білім мен технологияға ғана емес, эмоционалды қолдауға да негізделген.
Келесісі – шығармашылыққа қабілетсіздігі. ЖИ белгілі бір ережелер мен алгоритмдерге негізделген. Деректерді талдап, нәтижелер шығара алса да жаңа идеяларды ойлап табу, өнер мен әдебиеттегі шығармашылық жұмыстарды орындауда қиындықтарға тап болады. Шығармашылық және жаңашылдыққа негізделген мамандықтар, мысалы, суретшілер, жазушылар, ғалымдар жасанды интелекттен тәуелсіз болып қалады.
Сонымен қатар ЖИ-дің контексті түсіну қабілеті шектеулі. ЖИ деректерді өңдеу барысында белгілі бір ережелерге сүйенеді және жағдайдың толық контексін, яғни адамға тән мәдени және әлеуметтік аспектілерді түсіну қабілеті шектеулі болып қала береді. Мысалы, заңгерлік кеңес беру немесе әлеуметтік қызмет көрсету салаларында ЖИ адамдарға тән сезімталдық пен мәдениетке бейімделу қабілеттерін орындай алмайды.
Ал медицина саласында ЖИ-дің ықпалы айтарлықтай жоғары. ЖИ диагноз қою, медициналық бейнелерді өңдеу, дәрі-дәрмектерді жасау және науқастарды бақылау процестерінде қолданылады. Мысалы, ЖИ рентген суреттеріндегі ісік сияқты патологияларды дәлірек анықтай алады. Дегенмен медицина мамандарын толықтай алмастыруы мүмкін емес. Себебі пациентпен тікелей қарым-қатынас, психологиялық қолдау және көпжылдық тәжірибеге негізделген шешім қабылдау процестері адам еңбегін қажет етеді.
ЖИ қаржылық талдау, есеп-қисап жүргізу және салық саласындағы процестерді автоматтандыруға арналған тамаша құрал болып отыр. Деректерді жылдам талдап, инвестициялық стратегияларды ұсына алады, қаржылық есептерді жүргізуді оңтайландырады. Осы салаларда белгілі бір деңгейде мамандарды ЖИ алмастыруы мүмкін. Бірақ ірі компаниялар мен корпорацияларда күрделі қаржылық стратегиялар мен шешімдер қабылдау әлі де адамдардың тәжірибесіне байланысты.
Өнеркәсіптік процестерді автоматтандыру және робототехника саласында ЖИ-дің рөлі өте үлкен. Көптеген өндірістік орындарда роботтар мен автоматтандырылған жүйелер адам күшін алмастырып келеді. Бұл әсіресе қауіпті және күрделі процестерге қатысты. Мысалы, автокөлік өндірісінде роботтар белсенді қолданылады. Дегенмен креативті және инженерлік шешімдер қабылдау, технологиялық процестерді дамыту сияқты күрделі міндеттерді шешуде адам факторы маңызды болып қала береді.
Білім беру саласында ЖИ кейбір процестерді автоматтандырып, оқыту әдістемесін жақсарта алады. Мысалы, онлайн оқыту платформаларында ЖИ әр оқушыға жеке оқу бағдарламасын ұсына алады, үлгерімді бақылайды. Бірақ мұғалімдерді толықтай алмастыру мүмкін емес. Оқыту процесі тек білім берумен ғана емес, студенттерге қолдау көрсетумен, олармен байланыс орнатумен байланысты.
Ал мамандардың, ғалымдардың пікіріне сүйенсек, таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпау керек. Мәселен, белгілі кәсіпкер Илон Масктың пікірінше, жасанды интеллектті бақылаусыз дамыту қауіпті болуы мүмкін. 2017 жылы Илон Маск: «Жасанды интеллект адамзат өркениетінің ең үлкен қаупі болуы мүмкін», – деп мәлімдеген еді. Кәсіпкердің айтуынша, ЖИ дамуы адам жұмысын алмастыруы мүмкін, бірақ бұл тек қарапайым міндеттерге қатысты болады. Күрделі әрі шығармашылық талап ететін міндеттер адам қолында қалады.
«Google» компаниясының бас директоры Сундар Пичай: «Жасанды интеллект адамның жұмысына көмекші болуға бағытталған, оны алмастыру үшін емес», – деген болатын. Оның пікірінше, ЖИ өнімділікті арттыруға, адамдарға ауыр және қарапайым міндеттерді жеңілдетуге арналған құрал ғана.
Жасанды интеллект саласындағы маман және инвестор Кай-Фу Ли: «Жасанды интеллект көптеген кәсіби мамандарды алмастыра алады, бірақ ол шығармашылықты, қарым-қатынасты және көшбасшылық қасиеттерді алмастыра алмайды», – дейді. Ол ЖИ-дің адамзат үшін пайдасы өте зор екендігін айта отырып, оның мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану қажет екенін ескертеді. ЖИ тек монотонды және қайталанатын жұмыстарды автоматтандыруға қолайлы екені рас, бірақ адамзаттың эмоциялық интеллекті мен шешім қабылдау қабілетін алмастыруы қиын.
Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Шваб жасанды интеллект пен автоматтандырудың болашақтағы экономикалық өзгерістерге қалай әсер ететінін талқылап, былай деген: «Төртінші өнеркәсіптік революция кезінде ЖИ дің адамзатқа тигізетін ықпалы үлкен болады, бірақ ең маңыздысы – біз адамдардың дағдыларын қайта дамытуға мән беруіміз керек».
Айтқанымыздай, жасанды интеллект мамандарды толықтай алмастыра алмайды, бірақ олардың жұмысын жетілдіруге, тиімділігін арттыруға көмектеседі.
Айжан ӨЗБЕКОВА