«Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар...»
Қоғамда біз «бомж» деп білетін әлеуметтік топтан тыс қалған адамдар негізінде «маргиналдар» деп аталатыны белгілі. Тұрақты тұратын жері, істейтін жұмысы жоқ, көбінесе көшеде, көпқабатты үйлердің жертөлесіне түнеп, қоқыс ақтару арқылы күн көретін қаңғыбастардың да өз құқығы бар.
АЩЫ СУДЫҢ АЗАБЫ
Олардың мұндай жағдайға түсуіне негізінен тағдыр тәлкегіне түсіп, қиындыққа морт сыну, ішімдікке немесе есірткіге тәуелді болу, психологиялық қиындыққа ұшырау, жұмыссыздық сияқты мәселелер себеп болады. Дегенмен олардың да құқығын қорғап, әлеуметтендіру өзекті мәселенің бірі. Себебі оларды елеусіз қалдыру тек жеке адамның ғана емес, мемлекеттің, қоғамның әлеуметтік болмысына нұқсан келтіреді.
Егде тартқан әйел жол жиегіндегі темір жәшікті қопарып, тапқан 4-5 бөтелкесін құшақтаған күйі дүкен жақты бетке алды. Сырт келбетіне сұқтана көз жүгірттім, сұңғақ бойына етек-жеңі оңып, қысқарып кеткен көнетоз пальто іліпті. Етігінің аузы ырсиып тұр. Көзінің айналасы көгеріп, ісіп кеткен. Сап-сары шаштары ұйпа-тұйпа. Дүкеннен шыққанын тостым.
Осы аймақтан күнде көретіндіктен танып қалғандығын білдіріп, сәлемімді алғанымен ернінің ұшын ғана жыбырлатты. Бес қабатты үй алдында тұратын ескі темір кереуетке барып жайғасты. Күз түскелі жаурамасын деп көршілердің бірі төсеніш, бірі жамылғы берген екен. Көрші-қолаңның ыстық астан да құр қалдырмайтынын білетінмін. Бірақ оның теңіздің түсіндей көгілдір көзінен қуаныш көру екіталай.
Басын салбыратып үнсіз отырады да қояды. Алғысы мен ризалығын басын изеп қана жеткізетін әйелге тиын ұстаттым. Көздері от шашып, қуанып кетті. Сөйлескім келетінін айттым. Ол қарсы болмады. Жыртылып, алба-жұлбасы шыққан төсенішінің шетінде шашылып жатқан киімдерді ығыстырып, «отыр» деп ишара жасады.
– Қыста қайда түнейсің?
– Айтсам, сенбейсің ғой. Жүр, көрсетейін.
Соңынан еріп, домофоны жоқ ағаш есікті үйдің алдына келдік. Жертөледегі жылу құбырының бірін құшақтап жата қалды.
Ел ішінде кең тараған «Негізі өмір сүру оңай, оны қиындататын өзіміз» деген сөз бар. Нариманың басындағы жағдай осы сөзді айғақтай түскендей.
ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛДЫРМАЙТЫН ОРТАЛЫҚ
Көше кезіп, өмірінің бар мәнін жоғалтқан адамдарға Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық қолдау көрсетіп келеді.
Жуырда тағдырдың тәлкегіне түскендер мекен еткен орталықтың бүгінгі жай-күйімен танысып, көп ой түйіп қайттық. Бұл мекеме тұрақты емдеуді қажет етпейтін азаматтарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек түрлерін көрсетіп, ас-ауқатпен қамтып, қаңғып қалғандарды қанатының астына алып, құжаттарын түгелдеп, жұмыспен де қамтамасыз етіп отыр.
Орталыққа биыл 9 айда 120 адам қайырылыпты. Бүгінде орталық 93 адамның панасына айналған. Қызмет алушыларға 47 адам қызмет көрсетеді. Орталық тарапынан осында қайырылған азаматтарға барлық әлеуметтік көмек түрлері ұсынылуда. Мекемеде күнделікті жатын бөлмелерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 мезгіл көгілдір шам (кварц) қойылады. Қызмет алушыларға медбикелер тарапынан денсаулықты күту бойынша тұрақты дәрістер оқылып тұрады.
Мемлекет қамқорлығындағы азаматтардың төсек жабдықтары, киімдері уақытылы ауыстырылып, залалсыздандырылады. Сондай-ақ санитарлық нормаларға сәйкес қызмет алушыларға жеке бас гигиенасына қажетті заттар уақытылы беріледі. Науқастанған азаматтардың денсаулық жағдайы тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында. Орталықта айына 1 рет жиналыс өткізіліп, қызмет алушыларды техникалық қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, тәртіптері туралы ескертулер айтылады. Сонымен қатар мұнда мереке күндеріне орай мерекелік тағам әзірленеді.
Осыдан үш ай бұрын орталыққа бас сұғып, мұндағылардың ой-тілектеріне құлақ түргенім бар еді. Сол кезде қоларбада отырған ақсақал қасыма жақын келіп, әлдене айта алмай, кібіртіктеп тұрғанын байқадым. Өзін Базарбай Алахметов деп таныстырған егде жастағы кісі көрмегеніне 25 жылдың жүзі болған қызы Әйгерімді іздеп жүргенін айтты. Әйгерімнің Меркі ауданындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейтінін ғана біледі. Бірақ Меркі ауданының қай ауылында тұратынынан бейхабар. Әрі денсаулығы сыр беруіне байланысты бір аяғы балтырдан кесілген қарияның қызын іздеуге мұршасы болмаған.
Ақсақалдың айтқандарын бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктедім. Бір аптадан кейін қоңырау шалған қыз өзін «Әйгеріммін» деп таныстырды.
Бұл сағынышқа толы кездесудің де куәсі болдық. 25 жылдан кейін табысқан тағдыр иелері енді ешқашан ажырамайтындарын айтып, бір қуанып, бір жылаған болатын. Арада үш ай өткенде орталыққа қайта бас сұғып, ондағы қызмет алушылардың хал-ахуалымен тереңірек танысуды мақсат тұттық.
«Бомж» деп жиіркенішпен қараған күнде де олардың адам екенін ұмытпағанымыз жөн. Олар – тағдыр тәлкегіне түскен қорғансыздар. Не десек те олар қоғамның бір бөлігі екені хақ. Тағдыр тәлкегіне түскен қорғансыздарды әлеуметтік дерт деп қарасақ, кез келген ауру сияқты емдеп, жазып, қоғамға бейімдеуіміз керек. Әйтпесе қоғамның жанына түскен бұл жара асқынып, айықпас дертке айналады.
Шынтуайтында, жарық күнде жол таппай, қоқыстан азық теріп жеп күнелткендерді қоғам адам деп қабылдай алмайды. Елемейтіні де рас. Себебі олардың өздерін жоғалтып алуына көпшілік «Бұл кім еді?» деп басын қатырмайды. «Кім боламын?» деп ізденбейді де. Өткен күнге салауаты жоқ. Есесіне өкпесі көп. Ал келер күннен мүлде үмітін үзген. Олардың бар үміті бір жартының түбінде жалт-жұлт етіп тұрғандай...
Неге екенін қайдам, біз көрген маргиналдар өмір сүруге икемсіз, қабілеті де жоқ. Өлмес күннің жетегінде жүрген қаңғыбастар – боямасыз өмірдің мәнін таба алмаған. Сөйтіп, әр таңды көше кезіп қаңғырып, қалтаңдап жүріп атырып, әрнені қарманғандарына дән риза. Ішкеніне, жегеніне, қайыр тілеп тапқанына мәз. Бары сол. Көбінің тағдыры сондай.
ҚАҢҒЫБАСТЫҚ ҚАМЫТЫН КИГЕНДЕР
Орталыққа кіреберісте әңгіме-дүкен құрып отырған бір топ кісіге көзім түсті. Бәрінің жүздері сынық. Еріндері ісініп кеткен. Бірі қоларбаға таңылса, енді бірі таяғына сүйеніп, тағдыры тұңғиыққа сүйретіп бара жатқандай ілбіп басады. Иә, сүрініп алып, еңсесін қайта тіктей алмай, ащы судың жетегіне ергендерді бірден танисың. Олардың бет-жүзі домбығып тұрады. Аяқ-қолдарының саусақтары кейбірінде тып-типыл, жоқ болса, енді бірінде бірен-сараңы ғана тарбияды. Көше кезіп ішіп жүргенде олар саусақтарын үсітіп алған деседі...
Бірін біреу зымияндықпен жарға жығып, барынан айырса, енді бірі өз еркімен тентіреп жүріп, тағдырын талқандап алған. Әлдекімге алданған, әлдекімнен жерінген. Бірі темір торға тоғытылып, ұзақ жыл отырып, қайта шыққанда қарашаңырағының орнын сипап қалған. Барар жер, басар тауы болмағандықтан осы орталықта жүр.
Не дегенмен адам жаны қашанда жылылықты, қамқорлықты аңсап тұрады. Осы орталықты паналап келген жандар да сол асыл қасиеттерге зәру. Олардың әрқайсысының іздемейтін туысы, керек етпейтін бауыры, құшпайтын жары, тартпайтын балалары бар. Осы мекемені паналап жүрген Аслан да бір кездері ана құшағындағы ерке бала, сүйікті жар, мейірбан әке еді. Жиһазға толы өз үйі, көлігі де көз алдында. Бірақ бір кездері ғана…
Бар бақытынан қалай, қайда көз жазып қалғанын есіне де түсіре алмады. Оның бар ғұмыры осыдан он жыл бұрын тоқтап қалыпты. Себебі ол сол жылы бәрін жоғалтқан.
Иә, бұл орталықта ғұмыр кешіп жатқандар – қарашаңырағы қаңырап, туған жер мен туған үйіне баратын жолда адасып қалғандар. Бірі орта жолда опасыздықтан опық жеп, әділетсіздіктің қамытын киіп, іштегі отын сырттағы уытпен ұштастырып, жүректегі запыранды ащы сумен басып жүріп, бәрінен, барынан айырылған болса, енді бірі басына қонған бақты көтере алмай, ұшырып алған соң ғана қолын кеш сермеп, дүниеден баз кешіп кеткендер.
Ал үстіндегі киімінің сау-тамтығы жоқ, 30-дан енді асқан жігіт көпбалалы отбасыдан шыққанын алға тартты. Ата-анасы өмірден озғаннан кейін бауырлары жан-жаққа босып кеткенге ұқсайды.
Біз одан өміріндегі ең үлкен өкінішті сәт пен қуанышқа толы кезеңдерін есіне түсіруін сұрап едік, есіне түсіре алмады. Ал өзегін өртеген өкінішін есіне алғанда жанарын жас жуды.
Расында, бұл орталықты бетке алғанның көбі кезінде «бетімен кеткендер». Ащы суды серік етемін деп жүріп ойланудан, ойға алудан қалғандар. Бүгінде қалған ғұмыры сол бір жұтым ащы судың ішінде кеткен…
Алайда жібі түзу, жөні бөлек жандар да жоқ емес. Мәселен, аты-жөні белгісіз, өткен өмірін ұмытып қалған ер адам туыстарын іздеп жүр. Бірақ ол сөйлей алмағандықтан жақындарын тауып беру мүмкін болмапты. Осыдан 3 жыл бұрын Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына аты-жөні белгісіз, жасы алпысты алқымдаған ер адамды бір топ кісі ертіп келген екен. Ол кісіні бейтаныс жандар көшеден тауып, сөйлей алмағандығын байқаған соң орталыққа жеткізіп тастапты.
Сол сәт біз де қарап қалмасқа бекініп, ойын қозғауға, әлденені есіне түсіруге ықпал етуге тырысып, қалам мен қағаз ұсындық. Ол ақ қағаз бетіне түсініксіз әлденені иректеп жазып берді де, «Көрдің бе, жаза алмаймын» деген ишара танытып, басын шайқады.
Оның қолында жазулар көп еді. Сол жазулардың ұшар басында, бас бармағына жақын жазылған «Рая» есімі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Сол жазуды нұсқап, «Мынау кім?» деуге көштік. Онымыздан дым шықпады. Түк түсіндіре алмаған күйі тарқастық.
Аты-жөні белгісіз жанның лексиконында бар-жоғы екі-үш қана сөз бар. Оның бірі «мама» болса, екіншісі «Жамбыл».
Осы орайда Мұқағали Мақатаевтың «Сүрініп кетпе!» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралды.
«Аңдамай кейде, басымыз-дағы кердеңдеп,
Құлап жатамыз, аяқ-қолымыз ербеңдеп.
Сүрініп алып, есіміз қайта келгенде,
Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.
Таппайсың оны,тартасың азап сан жылдар,
Аттай алмайсың, құлауың мүмкін, алдың – жар.
He істесем екен, нe істесем екен сендерге,
Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар!»
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ