Заң

Қылмыс көрсеткіші төмендеп келеді

2024 жылдың 9 айында өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 11,5 пайызға аз тіркелген. Тарқатып айтқанда, ауыр қылмыстар 10,4 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар – 21,9, пәтер ұрлығы – 2,6, ұялы телефон ұрлығы – 39,3, мал ұрлығы 19,4 пайызға төмендеген. Сондай-ақ алаяқтық деректерінің тіркелуі 12,1 пайызға қысқарған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінде өткен 2024 жылдың 9 айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытынды жиынында айтылды.

Басқосу барысында департамент бастығы Бақытжан Малыбаев Мемлекет басшысы мен ҚР Ішкі істер министрінің «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы бөліністердің есебін тыңдады.

Кездесуде департамент басшысы атқарылған жұмыстың аз емес екенін айта келіп, бірқатар кемшіліктің барын да жасырмады.

Кейбір қылмыстық істер бойынша сараптаманың уақытылы тағайындалғанына қарамастан тергеу әрекеттері ұзақ уақытқа созылады. Сондай-ақ оқиға орнында қызметкерлер қойылған міндеттерді толық көлемде орындамайды.

Б.Малыбаев балалардың құқықтарын қорғау үшін полицияның мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды. Оның ішінде бопсалау мәселесіне мұқият назар аудару керек. 5-11-сынып оқушылары арасында анонимді сауалнама өзекті мәселелерді уақытында анықтауға көмектеседі.

Жиында қаралған тағы бір маңызды мәселе – алаяқтыққа қарсы іс-қимыл. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу да күн тәртібінен түспейді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ