Заң

«Елге бай құт емес, би – құт»

Қазақ халқы үшін бұрыннан қоғамда билер институтының алар орны мен үлес салмағы, маңыздылығы айрықша болды. Өйткені оның мемлекеттің саяси және әлеуметтік жағдайын тек әдеттегі құқықпен ғана емес, рухани-мәдени салт-дәстүр негізінде де ұштастыра әрі теңестіре отырып қамтамасыз етуші бірден-бір құрылым ретіндегі рөлі ерекше. Бұл құрылым ол кезде мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз астасып жатты. Билер ел, жер, жесір дауын, мал-жан, кәсіп мәселесін түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған.

Қазіргі қазақ қоғамында да билер кеңесіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүгінде билер кеңесінің мүшелері ел арасында әділеттілік пен адалдықты, бірлік пен татулықты ұдайы насихаттай отырып, ұлттық құндылықтардың қадірін арттыруға атсалысуда.

Жалпы билер кеңесінің басты мақсаты – қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын сақтау, ұлтаралық мәселелерді дер кезінде басу. Сол арқылы билер институтын жандандырып, атадан қалған әдет-ғұрыпты, салтымызды жаңғыртып, мәдениетімізді дамытып, құқықтық сананы өзгертіп, қоғамдағы кез келген шиеленіскен, пайда болған дауларды медиация тәсілін қолдана отырып шешу.

Билер кеңесінің құрамы халық арасында абырой-беделге ие, парасатты, айтқан сөздері өтімді, жергілікті жерлердегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен терең хабары бар, сенімді және түрлі күрделі мәселелерді бірлесе, әділетті шеше білетін азаматтық жауапкершілігі мол, тәжірибелі мамандардан тұрады.

Бүгінгі таңда облыстық соттың ғимаратында және барлық қала, аудан соттарында билер кеңесінің кабинеттері ашылған. Әр аудан орталығында 5 адамнан тұратын билер кеңесі құрылған. Билер кеңесі барлық әдістемелік құралдармен жабдықталған.

Сонымен қатар билер кеңесі «Отбасылық сот» пилоттық жобасының іске асырылуына да белсенді ықпал етіп, отбасылық дауларды шешу үшін сотта немесе соттан тыс реттеу бойынша айтарлықтай көмек көрсетті.

Бүгінгідей жаһандану дәуірінде медиация институтын дамыту, қоғамдық келісім, адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемдігін сақтау басты мақсат екенін халыққа түсіндіру қажет. Әрбір іс бойынша сотқа дейінгі татуласу рәсімдерін билердің, медиаторлардың көмегімен сапалы атқаруымыз керек.

Осы орайда жуырда облыстық соттың ұйымдастыруымен Республикалық медиаторлар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Нұрбала Оразқұлова «Медиация негіздері» тақырыбында семинар өткізіп, облысымыздың 120 беделді азаматына «Қоғамдық медиатор» сертификатын тапсырды.

«Елге бай құт емес, би – құт» демекші, уақыт өткен сайын билер кеңесінің тиімділігі анық байқалуда. Ел ішіндегі береке мен бірлікті, ағайын-туыс арасындағы жарасымды тату тірлікті нығайтуда және жас буынның тәжірибесін толыстырып, оларға темірқазық іспетті бағыт-бағдар мен аздырмайтын һәм адастырмайтын ақыл-кеңес беруде билер кеңесінің рөлі зор.

Дәулет ТАСЫБАЕВ,

облыстық соттың судьясы